421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-ға ресейлік дәрігерлер көмекке келді

  • 241
  • UPD: 18:07, 20.07.2020

Батыс Қазақстан облысына Ресей дәрігерлері көмекке келді, хабарлайды «Хабар 24».

Мәскеулік мамандар әуелі Нұр-Сұлтан қаласында бір аптадай еңбек етсе, елдегі жалпы ахуалмен танысқан соң аймақтарға аттаныпты. Ақжайыққа ат басын бұрған 5 дәрігердің екеуі анестезиолог-реаниматолог, екеуі инфекционист, ал біреуі эпидемиолог екен. Олар инфекциялық емдеу мекемесіне, облыстық және қалалық көп бейінді ауруханаға бөлініпті. «Айдың аяғына дейін оралдық дәрігерлерге жәрдем береміз, қажет болса, одан әрі де қалуға әзірміз», - дейді ресейліктер.

Павел Гусев, ресейлік дәрігерлер тобының жетекшісі:

-Бізде күні бүгін аурудың таралуы тежелді. Қазіргі сіздегідей жағдай Мәскеу облысында сәл ертерек, көктемнің аяғында болды. Пневмония да, коронавирус та. Аурудан айтарлықтай айырмашылық көріп тұрған жоқпыз. Біз екі аптаға деп келіп едік. Іссапарды бір айға ұзартты. Қажет болса, одан әрі де қаламыз. Қанша керек болса, сонша көмектесеміз.

Арман Байдеуов, облыстық аурухананың бас дәрігері:

- Әрине, көмегі тиіп жатыр, кеңес беріп жатыр. Солармен ақыладасып, қалай жұмысты бұдан да жақсы жасауға тырысып жатырмыз. Бізге дәрігерлер жетпей жатыр ғой. Көбісі үлкен кісілер, арасында жастар бар, тәжірибесі жоқ мамандар да бар. Қазір өзіміз пандемия басталғасын оқып, қалай ем жасау керек, емдеу протоколын жаттап алып, солармен науқастарға көмек көрсетіп жатырмыз.

Хабар 24 телеарнасы