420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мамандар: Қазақстанда туризм саласын қорғайтын қор құру қажет

  • 253
  • UPD: 22:17, 20.07.2020

Елімізде түрлі санаттағы 3592 қонақүй бар, хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы осы мейманхана қызметі мен туризм саласында 40 мың адам еңбек етеді. Алайда, індеттің салдарынан көбі табысынан айырылғаны мәлім.

Экономиканы әлсіреткен індеттің жайылған тұсында саланы құтқару үшін не істемек керек? Халықаралық қонақүй бизнесін меңгерген италиялық маман тығырықтан шығудың жолымен бөлісті.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Лучиано Соццо 40 жылдан бері қонақжайлық саласында еңбек етуде. Қонақүй бизнесінің жілігін шағып, майын ішкен маманның елордаға келгеніне 6 жыл болды. Індеттің кесірінен қонақүйінің табысы айтарлықтай азайған. Қысылтаяң кезде қоластындағы 200-ге жуық жұмысшысының қамын ойлаған менеджер мынадай жоспар ұсынады. Ол – шетелдік туристерден жарна жинау. Яғни, қонақүйге тоқтаған шетелдік азамат әрбір түнеген түні үшін қосымша 1 мың теңге төлейді. Мәселен, бір турист 5 күнге тоқтаса, бөлме сомасының үстінен 5 мың теңге қосылады. Бір жылда елімізге кем дегенде 200 мың турист келіп, қонақүйде орта есеппен 5 күнге тоқтар болса, онда жылына 1 млрд теңге қаржы өндіруге болар еді.

Лучиано Соццо, қонақүй бизнесінің менеджері:

- Бұл қаржының 50%-ін қолдау қорына құюға болады. Қолдау қоры дегеніміз не? Жыл сайын өндірілген қаражаттың тең жарымын туризм саласында еңбек ететіндерді әлеуметтік қолдауға арналған қор. Яғни, осы сынды індет немесе дағдарыс жайлаған кезде жұмысшыларды жалақымен қамтуға жағдай жасау. Осылайша, қонақжайлық саласында ресми түрде тіркеліп, еңбек етіп жүргендерді 3 ай немесе жарты жыл бойында жалақысының жартысын алуға мүмкіндігі болар еді.

Қордың қалған жартысын сала мамандарын даярлауға жұмсауға болады. Әрине, алдымен індеттің беті қайтып, қауіптің бұлты сейілсе болғаны. Тіпті ол кезде туристер үшін тартымды елге айналдырудың түрлі тәсілін қолданып, жаһандық деңгейдегі шараларды өткізуге болар еді. Оның да шығынын осы қор көтерер еді.

Лучиано Соццо, қонақүй бизнесінің менеджері:

- Географиялық орналасуына байланысты Қазақстан әлемдік шараларды өткізуге лайық хаб бола алады деп есептеймін. Мәселен, Миландағы Салон дель Мобиль сынды жер жаһаннан 15-20 мың адамды жинайтын ауқымды көрме өткізуге болады. Немесе Женевадағы жаңа көліктердің көрмесі сынды шара қашан да жаһан үшін қызық. Мұндай салалық шаралардың өзі 30-40-60 мың адамға дейін шетелден келушілерді жинай алады. Олар мұнда келген сайын қаражат жұмсап, елдің әл-ауқатын көтеруге септесер еді. 

Айта кетерлігі, әлем халықтары ондаған жылдан бері туристерден жарна жинап, оны инфрақұрылымды жаңғырту және өзге де мақсатта жаратады. Мәселен, Римге саяхаттап келген турист бір түн түнегені үшін 7 еуро, Миланда 8 еуро, ал Венецияда 12 еуроға дейін қосымша қаржы қалдырады. Нью-Йоркта бұл жарна қонақүй ақысының 14%-ін құрайды. Яғни, бөлме құнының үстемесі 25 долларға дейін жетуі мүмкін.

Бақыт Топтаева, тілші:

Инвесторлардың қаржысына иек артпай, мемлекет қазынасына телмірмей саланың қажетіне жарайтын қор құру – құптарлық іс. Отандық туроператорлар бұл бастаманы тәуір көреді. Өйткені Ресей мен Өзбекстан елдері де осы тәжірибені іске асыруға көшкенін жақсы біледі. Айтпақшы, бұл жоба Bed Tax атауымен туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға енгізілген де. Бірақ...

Антон Митин, туроператор:

- Қорды ұсынылған жүйемен құру оңайға соқпасы анық. Неліктен Bed-Tax ұзақ уақыттан бері талқыланғанымен әлі қабылданбады? Себебі, жарна құнды қымбаттатады. 5 жұлдызды қонақүй бөлмесіне тоқтаған жан үшін 1 мың теңге аса байқалмауы мүмкін. Бірақ бағасы 10 теңге болатын бюджеттік отель үшін бұл 10%-тік үстеме. Немесе 3 жұлдызды қонақүйдің бағасы сәйкесінше қымбаттайды. Сол кезде премуим санатындағы отель мен арзанқол қонақүйге бірдей жарна қою қаншалықты әділ деген сауал туындауы мүмкін? Міне, осы жерде тараптардың өзара келісіп алғаны дұрыс.

Әрбір экономикалық құлдыраудан кейін туризм секторында өрлеу байқалады. Тәжірибе көрсеткендей, кей жағдайда саладағы өсім 2 есеге жетуі мүмкін. Сол кезде ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарға сүйенген абзал. Сондықтан мамандар «ерте ме кеш пе, туризм саласын қорғайтын қор құру қажет» деп біледі.

Авторлары: Бахыт Топтаева, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы