426,50 518.00 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысындағы ауылдарға асфальт жол төселеді

  • 449
  • UPD: 14:04, 21.07.2020

Түркістан облысында мүлдем асфальт салынбаған ауылдарда жол құрылысы басталды. Жыл соңына дейін 917 шақырым автожол салынады. Оған шамамен 42 миллиард теңге жұмсалады. Өңірде карантин тәртібі қатаңдатылғанымен құрылыс жұмыстары қалыпты жағдайда жүріп жатыр. 

Бірнеше күн болды Түлкібас ауданындағы Састөбе елді мекенінде экскаватор, грейдер және асфальт төсеуші ауыр көліктер қаптап кетті. Бұрын мұндайды көрмеген тұрғындардың таңырқай қарап жатқандары рас.  

Сапарәлі Өмірзақов, мердігер мекеме өкілі:

- Бір шетінде жаяу жүргіншілерге арналған жолақ бар. Жол ұзын бойында өзіндік су каналдарымен, жауын-шашын кезде ағатын арықтары бар. Олар да жобада көрсетілген. Бригадада 10-15 құрылысшы жүріп жатыр. Механизм техникалар жеткілікті. 

Қазіргі таңда бір ғана Түлкібас ауданының өзінде 54 көше қайта жаңғыртылып жатыр. Құрылыс жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталуы тиіс.

Мадияр Мырзатаев, аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы

- Ұзындығы 67 шақырым құрайтын 54 жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазір оның ішінде 19 шақырым құрайтын 6 жолға күрделі жөндеу жұмыстары, 49 шақырымды құрайтын 48 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Өткен жылы Түркістан облысы бойынша жол жөндеуге 50 миллиард теңгедей қаржы жұмсалып, 1200 шақырым көше мен автомагистраль жаңғыртылды. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Рауль Ғабитов, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы