426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19: Қостанай облысына ресейлік дәрігерлер көмекке келді

  • 245
  • UPD: 21:36, 21.07.2020

Қостанай облысы әкімі мен Мәскеу қаласының мэрі арасында жасалған келісімге сәйкес өңірге бір топ ресейлік дәрігерлер бригадасы келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар екі апта бойы жергілікті ақ халатты жандарға коронавирус инфекциясымен күресте консультативтік және практикалық көмек көрсетеді. Эпидемиологиялық ахуалды зерттеп, оның алдын алу жөнінде мамандармен бірлесіп жұмыс атқарады.

Мәскеулік клиника мамандары облыс әкімімен алдағы жұмыс жоспары барысын талқылап жатыр. Коронавирус инфекциясымен күресте Қазақстанға көмекке келген ресейлік дәрігерлердің бұл екінші легі. Топ құрамында медицинаның 15 салалық өкілі бар. Олар Склифосовский атындағы Ғылыми зерттеу институтының, Мәскеу денсаулық сақтау мекемелерінің мамандары. Бригадалар Қостанай, Рудный қалаларындағы провизорлық және инфекциялық стационарларға жұмылдырылады.

Олег Черныш, Н.В.Склифосовский атындағы ҒЗИ хирургі:

– Хирургтер, анестезиолог-реаниматологтар, пульмонолог және коронавирустан емдеуде зор тәжірибесі бар басқа да мамандар бар. Барлығы Мәскеудің жетекші стационарларының білікті дәрігері саналады. COVID орталықтарда еңбек еттік.

Медицина бригадасы қажетті қорғаныш құралдарымен жабдықталды. Аймақтағы стационарларда мыңға жуық тұрғын CОVID-19 және пневмония диагнозымен емделіп жатыр. 500-дей адам жазылып шықты. Алты тұрғын қауіпті дерттен көз жұмды. Барлық күш пневмонияның әрі қарай өршу қарқынын төмендетуге бағытталған.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

– Облыста екі мыңнан аса төсек-орын жасақталды. Оның 38 проценті толып тұр. Өкпені жасанды желдететін 247 аппарат бар. Биыл тағы 66-сын сатып алдық. Үш компьютерлік томограф және 15 рентген жабдығы сатып алу көзделген. Ірі провизорлық және инфекциялық стационарларға оттегі желісін қосу жоспары бар. Олар Қостанай, Рудный және Тобыл қалаларында болады. Жақын арада Түкрия, Қытай, Ресейден облысқа 400-дей оттегі концентраты жеткізіледі.

Мәскеулік дәрігерлер топ-топқа бөлініп, стационарлар мен емханалардың эпидемологиялық ахуалымен танысады. Одан кейін қостанайлық мамандармен консультациялық жұмыстар жүргізеді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы