432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай өңірінде күмәнді диагноз қойылған сиырлар мәселесі қызу талқыланып жатыр

  • 224
  • UPD: 22:06, 21.07.2020

 

Бұл жолы Белозер ауылының тұрғындары ветеринарлық қызмет, ет қабылдау пункттері және зертхана өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Естеріңізге салайық, бруцеллез деген желеумен қалған малымызды құртып жатыр деп біздің редакцияға осы елді мекеннің тұрғындары хабарласқан. Оны эфирден көрсеткен едік. Сол дау әлі шешілген жоқ. Жалпы соңғы екі жылда Белозерда мәжбүрлі түрде жүз бас ірі қара етке өткізілген.

Бруцеллез диагнозымен пышаққа іліккен сиырларға берілетін демеуқаржыдан бөлек, ауыл тұрғындары өткізілген ет үшін өтелуі тиіс ақшадан құр қалған. Мал қожайындырының айтуынша, қабылдау пункттерінде оларды кем өлшеген.  

Григорий Пархоменко, мал сою пунктінің өкілі:

– Біз малды өлшемейміз. Себебі жануармен бірге оның өкілі жүреді. Адамдар оған сенім білдіреді. Егер салмақта күмәніңіз болса, қайта өлшеуге қарсы емеспіз. Біз ауру малдың салмағын есептеген жоқпыз.

Қан сынамаларына сәйкес сойылған сиырлардан бруцеллез диагнозы расталмады. Инфекция жануарлардың ішкі құрылысына да зақым келтірмеген. Демек тұрғындар мемлекеттік өтемақыға үміттене алмайды.

Айнагүл Күшібенова, ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

– Бруцеллезге оң нәтиже көрсеткен жануарлардың етінен мал сою пунктінде ешқандай паталоганатомиялық өзгерістер тіркелмеді. Сол себепті иелеріне өтемақы тағайындалмайды. Ет ешқандай шектеусіз сатылымға жіберілді.

Николай Мельничук, Белозёр ауылының тұрғыны:

– Малдың еті сау болған. Бізге ешкім ешқандай қағаз бермейді. Өтемақы туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ. Олардың немқұрайлығынан біз опық жеп қалдық. Шынтуайтына келгенде, малды өз еркімен союға беріп тұрмыз ғой.

Соңғы екі жылда Белозердан мәжбүрлі түрде жүз бас ірі қара етке өткізілді. Өтемақыны санаулысы алған. Қазір ауыл тұрғындарының шағымдары бойынша тергеу басталды. Алқашқы қорытындылар да жоқ емес.

Оразбек Батырбеков, облыстық ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекциясының басшысы:

– Бастапқыда адамдарға бұрыс ақпарат берілген. Бруцеллезді мал бойынша қате мәліметтер айтылған. Бұл жерде ветеринарлық дәрігерлер, жергілікті атқару органдары, аудандық ветеринария инспекциясының кінәсін жоққа шығара алмаймыз. Бүгін барлық тараптарды тыңдап шықтық. Ертең белгілі бір нәтижеге келеміз. Кінәлі тұлғалар міндетті түрде жауапқа тартылады.

Салалық ведомства өкілдері белозерлық сиырлар мәселесін тез арада шешуге ынталы. Кінәлілерді қалай анықтап, олар қандай жазаға тартылатыны жақын арада белгілі болады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы