427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар дәріханаларының бірінде Қазақстанда тіркелмеген дәрі-дәрмек саудаланған

  • 322
  • UPD: 17:50, 22.07.2020
Павлодар дәріханаларының бірінде Қазақстанда тіркелмеген дәрі-дәрмек саудаланған

Павлодардағы дәріханалардың бірінен 22 түрлі препараттың 670 орамасы анықталып, тәркіленді, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасының басшысы Жоламан Қиналбеков хабарлағандай, дәріханада табылған заңсыз препараттардың арасында Парацетамол, Ацетилсалицил қышқылы медисобр, Цефтриаксон, Азитромицин, Спазмалган, Мукалтин, Ацикловир және басқа да дәрілер болған.

– Кәсіпкерден тәркіленген дәрілік заттар Қазақстан Республикасы үшін шығарылмаған және мемлекеттік реестрге енгізілмеген. Аталған дәрілердің тіркеу куәлігі мен дәрі-дәрмек сараптамасы ұлттық орталығының қауіпсіздік және сапа сертификаты болмаған. Яғни дәрілер Қазақстанға заңсыз әкелінген, - деді.

Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ шілде айынан бастап департамент қызметкерлері дәрі-дәрмекті қымбат бағамен сатудың сегіз оқиғасын анықтады. Үш дәріхана иесі мен жұмыскерлері 97 230-180 570 теңге көлеміндегі айыппұл төлеуге мәжбүрленді. Сонымен бірге фармацевтикалық қызметпен айналысуға тыйым салу мәселесі қарастырылуда.

Хабар 24 телеарнасы