429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысының Сурган елді мекенінде бірнеше жылдан бері ауыз су жоқ

  • 275
  • UPD: 19:58, 22.07.2020

Ақмола облысының Сурган ауылында бірнеше жылдан бері ауызсу жоқ. Бұрындары уақытпен болса да берілетін. Ал қазір одан да айырылған. Халық, ең бастысы, өзеннің жағасында отырып, өзектерінің талып отырғанына налиды.

Сурганның үйлеріндегі су құбырынан қазір су емес, ауа атқылайды. Бұл жағдайға бүгін міне тура 4 ай болыпты. Ал оған дейін күніне бір-екі сағатқа болса да беріліп келген.

Тұрғындардың айтуынша, сырттан көлікпен әкелінетіні де өткен аптадан бері жоқ. 

Дамир Берікұлы, тілші:

- Ауылға су келмегендіктен жергілікті халық іргедегі Есіл өзенінен су тасып ішуге мәжбүр. Міне мынау бүгін ғана әкелінген өзен суы. Оны шамасы келгендер мынадай сүзгі сатып алып, тұндырып ішеді екен. Ал бұған шамасы келмегендер, амал жоқ, өзеннің суын тікелей ішуге мәжбүр.

Бірақ өзен суы қайбір таза болсын. Ауылдықтардың айтуынша, елді мекендегі 125 отбасының 50 шақтысы қазір осындай лас суды пайдаланады. Ал өзіңіз барып әкеліп алмасаңыз, оның өзі ақылы болып шықты.

- 4 куба воды я за 5тыс тенге купила...

Сатып алынған су болғандықтан оны халық үнемдеп жұмсауға мәжбүр. Ал күн болса биыл өте ыстық. Үй іргесіндегі көкөніс пен жемістер, гүлдер, бәрі-бәрі қурап барады дейді Балтуған апай. Бұрын көптеп құс бағатын бұл отбасы, қазір оны да азайтқан. Шаруашылықты былай қойғанда, күнделікті жуынып шайынудың өзі мұң екенін айтады. 

- Лишний раз не помоемся, баню лишний раз не топим...

Көпшілік ауыз су мәселесін айтып талай мекеменің табалдырығын тоздырып, талай жерге хат жазған. Бірақ олардан келген жауап шындықпен жанаспай тұр.

Валерий Волков, Сурган ауылының тұрғыны:

- Модуль жұмыс істемейді. Бірақ мына хатта оны «жұмыс істеп тұр» деп көрсеткен. Су құбыры да істен шыққан. Алайда оны да «жарамды» деп жазыпты. Барлығы қағазда ғана керемет. Ал іс жүзінде ештеңе жоқ. Жалпы бұл қондырғылардың барлығы 21 наурыздан бері істемей тұр. Олардың жәй тұрып шіритін түрі бар. 

Ауыл ақсақалы Валерий Волковтың айтуынша, осының бәріне 22 млн теңге қаражат жұмсалған. Алайда мемлекет қаржысы желге ұшты дейді қария. Себебі қазір бұлардың бірі де істеп тұрған жоқ. Істемегені былай тұрсын, қирап жатыр. Құдды бір қараусыз қалған орын секілді. Ауылдықтардың базынасын айтып, аудандық әкімдікке келдік. Жергілікті билік өкілдері бұл халықты сусыз қалдырмау үшін жасалған амал болғанын айтады. Ал мәселені түбегейлі шешу үшін бір ай бұрын ауылдан құдық қазылып, суы зерттеле бастапты. Бірақ ол енді жылдың төрт мезгілінде сыналуы тиіс. 

Дәуренбек Нұрлыбеков, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:

- Жаз уақытының лабораториясын жіберді. Қазір күзгі уақытын күтіп отыр. Күз уақытында судың сапасы өзгереді ғой, жерасты суы болғандықтан. Содан кейін ол сапалы су болатын болса, құжаттамасын береді. Сол құжаттамасын біз негізге алып, сосын жобалық сметасын жасаймыз. Оның өзі жарты жыл уақыт қажет етеді. Қысқа мерзімде жасайтын болса егер. Сосын жобалық смета жасалғаннан кейін біз облыстық басқарма арқылы республикалық деңгейде қаржы сұрауға құжат – бюджеттік өтінім тапсырамыз. Екі жыл уақыт керек ғой, егер осындай күрделі жөндеу жүргізіп, сапалы су беретін болсақ. 

Проблеманы шешуге екі жыл уақытпен қоса қыруар қаражат та қажет. Бұл шамамен 500 млн теңге. Ал сургандықтар болса, «жергілікті биліктің уәдесіне әбден тойдық, енді жоғары жаққа шағымданамыз» деп, бекініп отыр. 

Татьяна Выливок, Сурган ауылының тұрғыны:

- Біз енді Президентке және «Нұр Отанға» хат жазамыз деп шештік. Тіпті ол жазылып, тұрғындардың қолы жиналып та тұр. Енді тек апарып берсек болды. Басқа амалымыз жоқ. Өйткені осындай жол мен өзеннің бойында орналасқан ауылда отырып, суға жарымау деген масқара. 

Аудан әкімінің орынбасары айтқандай мәселені толық шешу үшін әлі кемінде екі жыл уақыт керек. Ал оған дейін халықтың қалай күн көретіні басы ашық күйінде қалып отыр. Себебі көлікпен анда-санда келетін су бәрімізге бірдей жетпейді дейді тұрғындар. 

- Вот, вот так мы живем без воды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы