429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы маңындағы лотос гүлін жұлған қыз заң алдында жауап береді

  • 457
  • UPD: 23:36, 22.07.2020

Алматының іргесіндегі жасанды тоғанда елімізде сирек кездесетін лотос өсімдігі гүлдеді. Табиғаттың әсем құбылысын көзбен көруге асыққан демалушылар «ғажайып гүлді тамашалаймыз» деп, заң шеңберінен шығып, қоршаған ортаға залал келтіріп отыр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, сирек гүлдерді жұлып алғанын әлеуметтік желіге жариялаған қыздың әрекеті алматылықтардың ашуын тудырған еді. Аталған жағдайды облыстық полиция қызметкерлері назарға алды. 

Алматы облысының Іле ауданына қарасты бұл тоғанға шамгүл өткен ғасырдың 50-жылдары әкелініпті. Содан бері жабайы табиғи ортада тамыр жайған ерекше өсімдік қазір көлдің жарты бөлігін алып жатыр. Тоған иелері сирек кездесетін гүлді басқа су қоймасына отырғызып, көбейтпекші де болыпты. Алайда тылсым табиғаттың өз заңдылығы бар екен. Сондықтан бұл жер әзірге лотос өскен жалғыз тоған.

Асан Кузиев, демалыс орынының басшысы:

- Күзетшілеріміз 4-5 адамнан кіргізеді. Көріп, естелікке суретке түскен соң тез шығулары керек. Кейде күзетшінің көзі тайса, гүлді жұлатындар бар. Бірақ кірерде гүлді жұлса 10 мың теңге айыппұл салынатынын ескертіледі. Көл үлкен болғандықтан келушілердің бәрін бірдей қадағалау мүмкін емес.

Ескертуге еренсіз қарайтындар да бар.

Әлеуметтік желіде бір құшақ лотос гүлін ұстап тұрған қыздың суреті көпшіліктің ашуын тудырды. Тоған күтушілерінің айтуынша, шамгүл жұлған соң тез-ақ солып қалады екен. Сирек кездесетін гүлді жұлған қыздың әрекеті полицияның назарына ілікті. Енді заң алдында жауап беруге тура келеді.

Ақбота Қуанышбекқызы, облыстық ПД ресми өкілі:

- Аталған дерек полицияда тіркелді. Осы публикация негізінде. Егер әлеуметтік желіні пайдаланушының іс әрекетінде заң бұзушылық қарастырылатын болса, онда заңға сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Заңнамамен қазіргі таңда жасыл көшеттерді баптау, ұстау және қорғау ережелерін бұзғандары үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 386-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған.

Бұл ретте 15 айлық есептік көрсеткіштен 50 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл көзделген. Ал егер  өсімдік қызыл кітапқа енген болса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Табиғат жанашырлары мұндай сирек кездесетін өсімдіктер ерекше қорғалуы тиіс деп есептейді.

Тимур Елеусізов, табиғат жанашыры:

- Лотостың бұл түрі қызыл кітапқа енген ба, жоқ па соны зерттеу керек. Бұл бір. Екіншіден, мәселе тек келушілерде ғана емес, бірінші кезекте ақпараттық-танымдық жұмыс жүргізілуі тиіс. Демалыс орнының аумағында гүлдің ерекшелігі, оны жұлуға болмайтыны туралы жазылған тақтайшалар орнатылуы керек.

Айгерім Сейітханова, қала тұрғыны:

- Мынадай әдемі гүлдерді қалай жұлуға болатынын білмеймін. Тек көзбен көріп, табиғатты аялап жүрейік. 

Анна Олейникова, қала тұрғыны:

- Мына жер өте керемет. Бірінші рет келіп тұрмыз. Картадан қарасақ, үйімізден 30 минуттық жерде екен. Гүлдерді жұлғандары туралы естідім. Енді қайталанбайды деп ойлаймын. Бұл сұлулықты кейінгі ұрпақ та көруі керек. 

Лотос шілде айының басынан тамыздың соңына дейін гүлдейді. Сондықтан алматылықтардың табиғаттың тағы бір әсем көрінісін тамашалауына әлі де мүмкіндігі бар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы