421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ХҚКО-да онлайн кезек сатылып жатыр – тұрғындар шағымы

  • 331
  • UPD: 10:20, 23.07.2020

Пандемия басталғалы мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматқа көшті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, көлікті тіркеу немесе жүргізуші куәлігін алу үшін халық қызмет көрсету орталығына бармай, желі арқылы кезекке тұруға мәжбүр болды. Ал соңғысы саудаланып жатқан көрінеді.

Жасырын камераны қосып, бұл алаңда болып жатқан былықты анықтауымыз керек болды. Себебі әлеуметтік желіде қаптаған шағым. Көп іздемей-ақ алдымыздан осы ару шықты. Ақырын жанымызға келіп, онлайн кезекті алып бере алатынын мәлімдеп, сыпайы ғана бұл қызмет 5 мың теңге тұратынын айтты. Бізде құжатты ұстаттық, ол кезекті іздей бастады. Не керек, әрең тоқтаттық. Бір қызығы, мамандандырылған қызмет көрсету орталығының алдында жемқорлыққа қарсы медиа орталықтың басшысы да жүрді. Дегенмен ол заңбұзушылық анықтай алмапты.

Төлеген Байғұлов, жемқорлыққа қарсы медиа орталықтың басшысы:

– Әлеуметтік желіде түскен шағымдар шындыққа жанасады ма екен, дәл бүгін ондай адамдарды анықтаған жоқпыз.

Онлайн жүйе өзі әлсіз қазақстандық интернет ахуалдың бар кемшін тұсын көрсетті. Әр жерден пайда тапқысы келетін делдалдар жетерлік. Ешқандай әрекет жасай алмайтын ұйым да бізде шаш етектен екенін көрсетті. Енді жүйеге тіркеліп оны сатушы мен сатып алушы арандап барады. Ал өздігімен 10-15 күн күтіп онлайн тіркелгендер кезегі келгенде қызмет ала алмай сандалып жүр.

Дамир Әбуов, қала тұрғыны:

– Мен көлік жүргізу куәлігімді алу үшін мамандандырылған ХҚКО-ға онлайн тіркелген едім. 10 күн бұрын. Белгіленген күні келсем ,орталық жұмыс істемейді. Сенбі күнге тап келген. Мен қанша уақытымды, қаражатымды жұмсауыма тура келді. Неге жүйе әлі дұрыс жолға қойылмаған. Ол жерде мен ғана емес, ондаған адамды кезекке брондаған. Сенбі күні жұмыс істемейтіні бар, несіне адамдарды кезекке жазады.

Әлеуметтік желіде тараған жазбаларға қарасақ, жаға ұстатар жағдайлар жетерлік. Барлығы қызметтердің сатылып жатқанын айтып жарысуда. Ал тиісті мекеменің бөлім басшысы қолдарынан келгенше күресіп жатқандарын айтады.

Дәулет Дүйсенбеков, мамандандырылған ХҚКО бөлім басшысы:

– Өтініштер келіп түсіп жатыр. Біздің қауіпсіздік қызметі бұл мәселе бойынша жұмыс атқарып жатыр.

Сөз соңында сұрақ, халыққа кім қызмет етіп жүр, онлайн кезегі 10 күнге созылатын орталық па әлде өз жұмысын саудалаған делдал ма? Бұл сауалға тиісті мекеме өкілдері нақты жауап бере алмады. Жүйенің де қашан дұрыс жұмыс істейтінін айта алмады.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы