420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада масамен күрес қыркүйекке дейін жалғасады

  • 176
  • UPD: 11:03, 23.07.2020

Елордалық мамандар қансорғыш жәндіктерді улау біз ойлағандай оңай еместігін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылдың өзінде осы мақсатта біраз қаржы да, күш те жұмсалды. Ал тұрғындар оның нәтижесі жоқтығын айтады. 

Елордада масамен күрес сәуір айында басталды. Күнделікті жүзден аса маман алдымен су қоймалары мен жертөлелерге дезинфекция жасады. Одан кейін көше бойы, саябақтар мен халық көп шоғырланатын орындарға дәрілеу жұмыстары жүргізілді. Ал қазір қала маңындағы аумақтарды улауға кірісіпті. Басы-қасында жүргендер масамен күрес осылай кезең-кезең бойынша жүзеге асатынын айтады.

Шамиль Гадизаев, дезинфекциялау компаниясының директоры:

– Масамен күрес 2 бағытта жүргізіліп жатыр. Бірінші жағдайда шағын көлшіктердің бетіне арнайы қоспаны шашып, жұқа қабат қалдырамыз. Соның салдарынан масаның тұқымдарына оттегі жетіспей, жойылып кетеді. Ал екінші жағдай ашық алаңдардағы жұмыс. Мұнда қолданылатын дезинфекциялық құрал масаның санын азайтуға көмектеседі.

Ал осынша жұмыс неге масаны толық жоймайды? Көпшілік көкейіндегі сауалды мамандарға қойдық. Айтуларынша, оған әсер ететін бірнеше фактор бар. Мәселен, желдің екпіні. Дезинфекциялық қоспалардың ашық аспан астында ұзақ сақталып, тиісті нәтиже беруі үшін екпін секундына 3 метрден аспау керек. Ал елордада ол 20 метрге дейін жетеді. Одан кейін арагідік болып тұратын жаңбыр да кері әсерін тигізеді.

Нағима Шатаева, қалалық әкімдік департаментінің бас маманы:

– Жаңбыр жауған сайын біраз еңбек зая кетеді. Өйткені бұл масалардың көбеюіне керемет жағдай жасайды. Әсіресе, су толып қалатын жертөлелер мен осындай қала маңындағы көлшіктерде жәндіктің белсенділігі артады. Соған қарамастан, жұмысты жоспар бойынша жалғастыра береміз. Біздің мамандар қаланың ішіне толықтай дезинфекция жасады. Енді қала маңындағы жерлдерді арнайы аумақтарға бөліп, масамен күрес жүрігіп жатырмыз.

Қазір 150-ге жуық маман күні-түні дезинфекция жұмыстарын жүргізіп жүр. Бұл жерде қауіпсіздікке қатысты мәселеге ерекше көңіл бөліну керек дейді. Өйткені, қала сыртында ашық жатқан шұңқырлар көп. Ал арнайы мамандардың арқасындағы сұйықтық адамдар үшін қауіпсіз екен. Сондықтан оған бола алаңдауға негіз жоқ дейді.

Авторлары: Аслан Қаженов, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы