429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президенттік жастар кадр резервіндегі 150 маман жаңа қызметке орналасты

  • 163
  • UPD: 11:34, 23.07.2020
Президенттік жастар кадр резервіндегі 150 маман жаңа қызметке орналасты

Президенттік жастар кадр резерві аясында іріктелген 300 жас маманның жартысы жаңа қызметке тұрды.

Бұл туралы Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин Телеграм парақшасында жазды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды бастамаларының бірі – Президенттік жастар кадр резервін құру. Бұл бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасы аясында талантты жастар үшін тиімді әлеуметтік лифт құру шараларының бірі ретінде ұсынған», - деп жазды. 

Былтыр күзде жарияланған конкурсқа еліміздің барлық аймағынан 13 мың жас қазақстандық өтінім берген.

Іріктеу төрт ай бойы өтіп, нәтижесінде 300 адам резервке өтті. Сонымен қатар биылғы 15 қаңтарда Президент бағдарлама қатысушыларымен кездесті.

«Президент бұл бағдарламаның басты мақсаты лауазымға орналастыру емес екенін, оның басты мақсаты жас мамандарға өз дарынын, әлеуетін көрсетуге мүмкіндік беру екенін ескертті. Сол себепті резервке енудің өзі мемлекеттік лауазымға тағайындалу кепілдігін бермейді. Жастар резерві бойынша ұлттық комиссия тиісті вакансия бар болған жағдайда және үміткердің кәсіби құзіретін есепке ала отырып, бағдарлама қатысушысын ұсына алады», - деп жазды Е.Қарин.

Айтуынша, жастар кадр резервіндегі 150 жас маман жаңа жұмысқа орналасқан.

«Қазіргі уақытта 150 жас жаңа лауазымға ие болды. Мәселен, орталық мемлекеттік органдарда 83 адам жұмыс істейді, 38 адам жергілікті атқарушы органдарға, 29 жас басқа да құрылымдарға жұмысқа орналасты», - деді Ерлан Қарин.

Алдағы уақытта Президент жастар кадр резервінің қатысушыларымен жаңа оқыту бағдарламалары іске қосылатынын айтып өтті.

Хабар 24 телеарнасы