419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыға Түркиядан дәрігерлер шақыртылып жатыр

  • 295
  • UPD: 12:15, 23.07.2020
Алматыға Түркиядан дәрігерлер шақыртылып жатыр

Алматыға коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін Түркиядан дәрігер шақыртылып жатыр.

Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматы телеарнасында Akimat Live тікелей эфирінде айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, әкімдікке RAMS Qazaqstan түрік компаниясы осындай ұсыныс жасаған.

«Алматыда олардың екі қонақ үйі бар екен. Егер оларға рұқсат беріп, лицензия рәсімдесек, 1 қазанға дейін екі қонақ үйді коронавирус науқастарын емдейтін стационарға айналдыруды жоспарлап отыр. Кеше келісім жасалды. Екі қонақ үйде 250 орындық аурухана ашылады. Ол жерде қажетті құрал-жабдықтың бәрі болады. Түрік дәрігерлері жұмыс істейтін болады», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, қалада қосымша төсек-орын жасақтау, қаланың барлық кадрлық резервін жұмылдыру жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі таңда пандемиямен күрестегі алдыңғы шепке 4464 медицина қызметкері (2 681 дәрігер мен орта медицина маманы) жұмылдырылды. 1526 маманнан (дәрігерлер – 246, орта қызметкерлер – 1009, кіші медициналық қызметкерлер және басқалары – 145, волонтерлер – 106) кадрлық резерв жасақталды. Барлығы 328 адам жұмысқа орналастырылды (оның ішінде 96 дәрігер, 160 орта медицина қызметкері, 72 кіші медицина қызметкері және басқалар).

Хабар 24 телеарнасы