420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралдағы емдеу мекемелерінде санитар мамандары жетіспейді

  • 174
  • UPD: 14:47, 23.07.2020

Осыған байланысты сала басшылары бірер апта бұрын тұрғындарды осы қызметте еңбек етуге шақырған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда тілек білдіруші 700-дей азаматтың басым көпшілігі тиісті талаптарға сай келмеген. Енді бір бөлігі ауру жұқтыру қаупі мен жұмыстың қиындығынын көріп бас тартқан. Дәл қазір санитарлар инфекциялық және провизорлық стационарларда ең ауыр жұмысты атқарып жүр.

Кадр сыртында сөйлеп жатқан – оралдық студент Серік Мұқашев. Оның дәрігерлерге көмекке келгеніне бір апта болған екен. Ерікті ретінде індетпен күрестің алғы шебіне өзі сұраныпты. Кейін санитар боп жұмысқа орналасқан. Қорғаныш костюмін кигенде қозғалу, тыныстаудың өзі оңай емес дейді ол.

Серік Мұқашев, санитар:

– Мен инфекциялық ауруханаға өз еркіммен келдім. Қайда бара жатқанымды, қандай қиындықтар күтіп тұрғанын да білдім. Келмес бұрын бір апта ойландым. Ақыры тәуекел еттім. Науқастарға көмек бергім келді. Осымен бесінші тәулікке кетті. Әр күн сайын ондаған сырқат түседі. Мысалы, кеше 15 адамды әкелді.

Ауадай қажет. Сау кезде осы сөздің мән-мағынасына бойлай бермейтініз, тереңдеп ойлай бермейтініміз рас. Ал пневмониямен ауырып, аурухананың тар төсегіне таңылғандар бір жұтым ауаға зәру. Бір оттегі баллоны бір науқасқа 3 жарым сағатқа жетсе, инфекциялық ауруханада осындай 13 баллон қосулы тұр екен. Осы іске машықтанған, қауіпсіздік техникасын меңгерген мамандар баллондарды толтырып, алмастырады, айырып-қосады. Санитарлар әрқайсысы 80 келілік зіл темірлерді тасымалдауға көмектеседі.

Сергей Лепехин, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының оттегі маманы:

– Үш адам ауысып істейтін едік. Біреуі ауырып қалды. Қазір емделіп жатыр. Осында түнейміз, осында тұрамыз. Коронавирус басталғалы үйге баруды қойдық. Отбасыма да ауыр. Бірақ жағдайды түсінеді. Тезірек пандемия аяқталса дейміз.

Инфекциялық ауруханада 145 науқас ем алып жатыр. 8-і жансақтау бөлімінде, 14 қарқынды терапия бөлімінде. Арасында пневмонияға шалдыққандары да бар. Емдеу мекемесіне бұрын айына 10 баллон жеткілікті болса, қазір тәулігіне 140 баллон кететін көрінеді.

Ерлан Мұқанов, жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:

– Маман жетіспейді. Ол біріншіден ауыр жұмыс, әр адам келіспейді оған. Сосын инфекциялық аурухана ауласында істеген соң көп адам бас тартып тұр.

Дәл қазір облыстық инфекциялық ауруханаға 30-дай санитар жұмысқа алынған. Сонымен қатар мекемедегі түрлі жұмысқа влонтерлер де қол ұшын береді. Еріктілердің облыстық штабының мәліметінше, өңірде вируспен күреске 500-дей волонтер жұмылыпты.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы