424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бартоғай су қоймасында тіршілік нәрі азайып барады

  • 830
  • UPD: 22:01, 23.07.2020

Мамандар бұл жағдайды табиғаттың тосын мінезімен байланыстырып отыр, хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, ауа райының салқын болуынан тау мұздықтары баяу еріп судың деңгейі төмендеп кеткен. Салдарынан биыл Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының шаруалары шығынға батуы мүмкін. Бартоғай су қоймасына барып қайтқан арна тілшісі Жандос Айтбайұлы әңгімелейді.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Бартоғай су қоймасында қазір секундына 71 текше метр су ағуда. Ал қоймада жалпы 25 миллион текше метр су қалған. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 4 есеге аз. «Егер таудан еріген сулар келмейтін болса, бұл қалған су бар-жоғы екі аптаға ғана жетуі мүмкін», дейді мамандар. 

Шелек шатқалында орналасқан Бартоғай су қоймасының түбі көріне бастаған. Былтыр дәл осы уақытта қоймада 122 миллион текше метр су болыпты. Тіршілік нәрінің былай төмендеп кетуін мамандар ауа райының салқын болуынан деп түсіндірді.

Мейрам Арыстанов, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы су пайдалану және гидрометрия бөлімінің басшысы:

- Сәуір мен шілде айларының аралағында алатын болсақ, мынау орташа көп жылдық мәліметтермен салыстыратын болсақ, дәл осы шілде мен сәуір мен аралағында биыл 180 миллион текше метр су аз келді Бартоғай су қоймасына.Тауда мұздықтар ерімеген себебінен осындай жағдай болып жатыр.

Судың тапшылығын алдымен қарапайым халық тартып отыр. Еңбекшіқазақ ауданында 13 мың шаруа қожалығы бар десек, Шелек өңірінің диқандары негізінен соя, жүгері, бидай және жоңышқа егеді. Ерте көктемнен тірнектеген халықтың енді еңбектері еш кеткелі тұр. Бір ай бойы су көрмеген соялары қурап кеткен. Ашынған жұрт аудан басшыларының алдында ашуға булықты. 

Ербосын Қыдырбекұлы, кооператив төрағасы:

- БАК-тың басшысын алып тастады. Оны не себептен алып тастады. Оны осы маусымға шығарып, содан кейін бірақ кету керек еді. Өйткені халықтың жері күйіп жатыр. Ертең акт жазатын болса, оған кім жауап береді? Қазір жаңадан келген адам жауап бермейді. Жаңадан келген басшы өзінің басын өзі алып қашады. «Жаңадан келдім» деп.

Арзыгүл Қабашева, шаруа қожалығының төрайымы:

- Біз Үкіметтен ештеңе сұрап жатқан жоқпыз. Өзіміздің жұмысымызды өзіміз істеп жүрміз. Бізге көмектесіңдер, бізге су керек. Су болмаса нестейміз? Бізде зауыт жоқ. Фабрика жоқ. Басқа жұмысымыз жоқ. 

Ауыл тұрғындары енді қалған аз ғана өнімдерін сақтап қалу үшін тым болмаса 3-4 текше метр су жіберсе деп сұрайды. Ал мамандар жақын күндері бар мәселені шешеміз деп уәде берді.

Мейрам Арыстанов, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы су пайдалану және гидрометрия бөлімінің басшысы:

- Уақытша көпжылдық шөптерге суды тоқтаттық. Одан кейін жаңағы ауылшаруашылық дақылдарын суғару кезінде кезек-кезекпен суғарып жатырмыз. Осы Бартоғай су қоймасына келетін суымыз көбейетін болса, онда осындай қиын жағдайдан шыға аламыз деп ойлаймын.

Қоймадағы судың күрт төмендеуі соңғы рет 2014 жылы болған екен. Бірақ ол кезде тамыз айы болғандықтан шаруалар түсіністік танытқан. «Ал қазіргі жағдайда төккен теріміз зая кететін болды», деп зар илеп отыр.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы