432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жалған диплом саудасы тыйылмай тұр

  • 499
  • UPD: 23:09, 24.07.2020

Интернетте диплом саудасы тыйылмай тұр, хабарлайды «Хабар 24».

Жоғарғы оқу орнының беделі мен дипломды жасау мерзіміне қарай бағасы да әр алуан. Жалған құжат саудасын қыздырғандарды табу және сөз байласу да оңай. Желіні ашсаң, жарнамасы самсап тұр. Арна тілшісі Талғатбек Әбдіқожа жаңа мамандықтың иесі атануға тырысып көрді.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Бүгінде жоғары білімді азамат атану үшін университет жағалаудың, көз майын тауысып кітап оқып, сынақ тапсырудың еш қажеті жоқ сияқты. Себебі ақшаң болса кез келген оқу орнын бітірді деген құжатты үйіңізге жеткізіп береді. Бәрі оп-оңай, бірақ заңсыз. Осы заңсыз істі кәсіп етіп, құжатты саудалайтын сайттар интернетте самсап тұр. Әбден жетілген. Сапасы жағынан мемлекеттік мекемелердің ресми сайтынан асып түспесе кем емес. Солардың біріне кіріп, дипломға тапсырыс беруге тырыстық. Телефон арқылы тілдесу мүмкін болмады. Десе де, WhatsApp желісінде хат алмастық. 

Әккі алаяқтар дипломды 10 күнде жасап беруге уәде етеді. Бұған қоса, құжат университеттің базасына тіркелген деп сендіреді. Бағасы оқу орны мен мамандыққа және дипломның түсіне қарай әртүрлі. Үлгі ретінде сайтқа бірнеше дипломның суретін салып, бірлесе жұмыс істейтін оқу орындарының тізімін жазып қойған. Арасында мектеп, колледжден бастап ұлттық университеттер де бар. Өздерін агенттік деп таныстырған сайт Қазақстанда білімді есепке алу одағына мүше екенін көрсеткен.

Рүстем Биғари, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Қазақстанда мұндай агенттік жоқ. Көрсетілген нөмірдің барлығы жалған. Біз оларды үнемі бақылап, фейк ақпарат таратқандарын арнайы органдарға жолдаймыз. Олар интернет ресурсты бұғаттайды. Осындай жұмыс үнемі жүргізіледі. Білім беру мекемелері берген құжаттар ҚҰлттық білім беру деректер қорында сақталады. Ондағы ақпаратты өзгерту мүмкін емес.

Вице-министрдің айтуынша, деректер қорындағы ақпарат әр оқу орнындағы мұрағат құжаттарымен сәйкес болуы шарт. Ол жіті тексеріледі. Мән-жайды тереңірек түсіну үшін Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне хабарластық. Оқу орнына жыл сайын ТМД және еліміздің мемлекеттік мекемелерінен, ұйымдардан, жеке және заңды тұлғалардан дипломның рас-өтірігін анықтап беруге мыңдаған сұраныс түседі екен.

Арман Дәлетбекова, Гумилев атындағы ЕҰУ мұрағатының меңгерушісі:

- Біздің мекемені бітіргені және дипломды алғаны жөніндегі құжатты растау үшін базадан тексереміз, біріншіден. Екіншіден, бұйрықты көтереміз. Сосын тіркеу журналы деген болады. Дипломдардың сериясын тіркейді, соларды тексеріп барып не барын не жоғын айтамыз. береміз. Мемлекеттік ұйымдарға, мемлекеттік мекемелерге жалған дипломмен баруға қорқатын шығар және бармайтын шығар деп ойлаймын. Бірақ мен тексеру жасағанда ондайды кездестірмедік.

Осы тұста заңды сұрақ туады. Жалған құжат жасап, оны саудалау арқылы елдің ертеңіне кесірін тигізіп отырғандар қандай жауапқа тартылады.

Серік Беркамалов, «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ қалалық филиалының төрағасы:

- Жалған құжаттар, диплом да сол құжатқа жатады, Қылмыстық көдекстің 385-бабы бойынша қылмыс деп саналады. Сол баптың бірінші тармағы бойынша мұндай қылмыс 2000 АЕК дейін немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады. Әрине, жалған ақпаратты таратқан мекеме осындай жауапкершілікке тартылады. Осындай ақпаратты таратуға тыйым салу – мемлекеттік органдардың тікелей міндеті.

Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен жігіттер де сайтты жабуға еш кедергі жоқ екенін айтады.

Арман Әбдірәсілов, Кибер шабуылдарды зерттеу және талдау орталығының директоры:

- Біз бұл сайтты тексердік. Ол қазақстанда KZ деген доменмен ашылған. Яғни, оны бұғаттаудың еш қиындығы жоқ. Жайбарақат жұмыс істеп тұруы – еліміздегі цифрландыру жүйесінің кемшілігі.

Осы тұста айта кету керек, заңда дипломды жасаушылар ғана емес, оған тапсырыс беріп пайдаланғандардың әрекеті де қылмысқа жатады. Жеңіл жолмен жоғары білім куәлігін алғандарға 445 мың теңге айыппұл салынады немесе 40 тәулікке қамауға алынуы мүмкін.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы