428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда жол жөндеу жұмыстарының барысы ерекше бақылауға алынды

  • 293
  • UPD: 22:11, 23.07.2020

Орал қаласында жол жөндеу жұмыстарының барысы ерекше бақылауға алынды, хабарлайды «Хабар 24».

Қоғам белсенділері де әр апта сайын жол сапасын тексеріп тұрады. Олардың көрген-түйген ескертпе-ұсыныстары әркез ескерілмек.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Орал қаласында жалпы ұзындығы 61 шақырым болатын 55 көше жөнделіп жатыр. 41 жобаның 10-ы былтырдан қалса, қалғаны «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында биыл басталыпты.

Аслан Даубаев, қалалық түкш бөлімі басшысының орынбасары:

- Ашхабад, Елизаров, Жамбыл және 8 март көшелері жұмыстарын аяқтауда. Біздер Лесозащитная көшесін келесі аптада ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Қала бойынша 9,3 млрд теңге бөлінді.

Бұрын қала көшелеріндегі құрылыс сапасын тапсырыс беруші мен техникалық бақылау қызметі ғана қадағаласа, енді бұл іске «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» тартылған. Зертхана мамандары 50-ден аса кемшілікті анықтапты. Соның бірі – Матросов көшесі. Мұнда материалдар талапқа сай келмеген. Тексерістер нәтижесін мердігер де мойындап отыр.

Зауырбек Қыпшақбаев, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» бқоф инженері:

- Поребриктер бойынша беріктігі сай келген жоқ. Қазір мердігер барлық ақаулықтарды түзеген. 2,5 мың данасы ауыстырылған. Сонымен қатар бұл жерде қиыршықтас бойынша сұрақтар туындады. Келесі партиядан алынып, қазір сол стандарттарға сай қиыршықтас төселгенін көріп отырмыз.

Серік Ізбасаров, мердігер компания өкілі:

- Мердігердің қателігі бар. Шапшаңырақ бітіргісі келді. Мен көмекшісімін ғой. Ол өзінің сапасын әлі алған жоқ еді үш күннен кейін. Күннің қызуымен суы шыққасын қаттылығын алады. Содан кейін салғанда дым болмайтын еді. Бәрі де дұрыс. Сапасын да қарауы, тексеруі де дұрыс. Неге десеңіз, бір жыл салып, екінші жыл шашылып жататын жол көп қалада. Мен өзім мына балаларға айтам, бірден дұрыстап салыңдар, ұялмай қарайтын болыңдар халықтың бетіне, бұл халықтың ақшасы деп.

Ал Орынбор көшесінде жобалау кезінде кеткен қателіктер көзге ұрып тұр. Тротаурдың биік, жолдың төмен болуы кейін тұрғындар үшін қолайсыздықтар туғызбақ. Оның бәрін реттеу аз уақыт алмайды.

Азамат Мүсілов, қала тұрғыны:

- Кәріз құдықтарының орналасуы есепке алынбаған. Оның бәрін қайта келісу уақыт алады. Сол «Водоканалдікі» ме, «Жайықтеплоэнергонікі» ме соны анықтайды. Оның бәрі уақыт. Ал қай мердігердің де басынан балта шабылатыны жұмыстың кестесі. Содан асып кетсе, жосықсыз болып қалады да қиындық көреді ол фирма. Осының бәрі ең басты жобалаудан. Бізде Оралдағы жолдардың 90%-інің жобасы қате.

Азамат Мүсіловтің өзі де кезінде жол саласында еңбек еткен. Осындай проблемаларды басынан өткерген. Сондықтан бұл жайтқа бей-жай қарамайды. Әркез өз ұсыныстарын білдіреді. «Сапа болуы үшін техникалық бақылау мен жобалаушының жауапкершілігін арттыру керек», дейді ол.

Азамат Мүсілов, қоғам белсендісі, қала тұрғыны:

- Мердігер технадзорға тәуелді. Сапа жағынан емес, ақша жағынан. Мысалға мына көшені алайық. Мына көшеге технадзор келмейді. Ал, оны мердігер шақырта алмайды, мазалай алмайды. Бір рет айтады «келесің бе» деп, екі рет айтады «келесің бе» деп. Мазалай алмайтыны, ақша алатын қағазы бар аралық актілер. Соларға қол қоятын технадзор. Қол қоймаймын десе, мекеме ақшадан қағылып қалады. Сол себепті соны өзгерту керек. Технадзор жолға келгесін басынан бастап аяғына дейін бірге жүру керек, жобалаушы, технадзор бәрі бірге жауап беруі керек.

Арнайы зертханамен қатар азаматтық белсенділердің де жол сапасын қадағалауға атсалысуы өз нәтижесін бермек.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы