427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Дүкенде темекіні көрінетін жерге қоюға болмайды. Бизнес бұл талапқа дайын емес

  • 413
  • UPD: 10:27, 24.07.2020

Дүкендерде темекі өнімдерін көрінетін жерге қоюға болмайды. Жақында Мемлекет басшысы қол қойған Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы заңда осындай норма қарастырылған. Алайда шағын бизнес бұл талапты орындауға әлі дайын емес. Сол себепті кәсіпкерлерге тағы бір жыл уақыт берілді. Сондай-ақ темекіні жасы 21-ге толмағандарға сатуға тыйым салынған. Сатушылар міндетті түрде жеке куәлікті тексеруі тиіс. Жаңашылдықтар қолданысқа енгізілгелі өзгеріс бар ма?

Біз темекі өнімдерін сатып алу үшін қаладағы бірнеше азық-түлік дүкенін аралап шықтық. 

- Көк ESSE бар ма?

- Бар.

- Бере салыңызшы.

- Сіздер темекі сатқанда удостоверение сұрамайсыз ба?

- Сұраймыз. 21 жасқа толмағандар болса. 

Алайда сатушылардың басым бөлігі бізден жасымызды растайтын ешқандай құжат сұраған жоқ. Жаңа заңға сай мұндай кәсіпкерлерге тағылатын айыппұл көлемі біраз ұлғайтылды. 

Әйгерім Садубаева, ҚР ДСМ департаментінің бас маманы:

- Егер сатушы күмәнданса, ол темекі алуға келген адамнан құжат көрсетуін талап етуге құқылы. Қолында жеке куәлік болмаса, оның көшірмесін немесе смартфондағы суретін көрсетуге болады. Бұрын бұл норманы бұзғандарға 8-40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Қазір бұл төлем 15-100 айлық есептік көрсеткішті құрайды. 

Дүкендерге кіргенде сөрелерден темекіні алып тастағандарды да байқаған жоқпыз. Бұл талапты орындауға кәсіп иелеріне 1 жыл уақыт берілді.  Сондай-ақ енді заңға сәйкес темекіні бір-бірлеп сатуға болмайды. Оның қорабында денсаулыққа қауіпті химиялық заттар туралы толық ақпарат берілуі тиіс. Сондай-ақ шылымды балалар тауарлары дүкендері, пойыздар, халық жаппай демалатын орындар мен жанар-жағармай стансаларында сатуға рұқсат жоқ.

Темірлан Жақыпбеков, «Қазалкотабак» қауымдастығының атқарушы директоры:

- 2021 жылдың 1 шілдеден бастап дейін дүкен иелері темекінің орнына тек өнімдердің тізімі мен бағасын ғана іліп қоюға міндетті болады. Әрине, шағын бизнес өкілдері үшін бұл қиынға түседі. Әсіресе, тек шылым сатумен айналысатындар тығырыққа тірелетіні түсінікті. Бірақ заң қабылданғандықтан, осы талаптарды орындауымыз керек.

Соңғы кездері  кеңінен таралып кеткен электронды темекілерге де бұл тыйымның қатысы бар. Аталмыш өнімдер сатып алушылардың көзіне түспеуі керек. Олар сауда автоматтарынан да алынып тасталуы керек. Заңды қабылдағандардың пікірінше, мұндай өзгерістер жастардың темекіге деген қызығушылығын төмендетуге сеп болады. Электронды темекіні енді қоғамдық орындарда шегуге болмайды. Себебі Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеу нәтижесінде олардың зиян екендігі анықталды. 

Авторлары: Дариға Ташенова, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы