431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертісті жағалай жүзген саяхатшылар естеліктерімен бөлісті

  • 288
  • UPD: 10:28, 24.07.2020

Семейлік 3 саяхатшы Ертісті жағалай 5 күн жүзіп, 170 шақырымды еңсерген. Қайраң-аралдарда түнеп, нөсер жауынның астында қалып, дауылға төтеп берген достар біздің арна тілшісіне қызықты естеліктерін айтып берді. 

Ілияс, Нұрдос және Дәулет өзен бойымен саяхаттауды бала кезден армандап жүрген. Курчатовтағы атомдық энергетика институтында жұмыс істеп жүрген 3 дос демалыс күндері Семейге ораларда Ертістің тұмса табиғатымен тілдесіп қайтады екен. Буырқанған өзенді бастан-аяқ шолып, түгел жүріп өту жоспары 11 жылдан кейін жүзеге асып отыр. 

Нұрдос Сәлембаев, саяхатшы:

- Керек-жарақтың бәрін сатып алып, сал қайығын құрастырдық. Негізгі қаңқасын Ілиястың үйінде жинадық. Оның үйі Ертістің жағасына жақын Бобровка түгесілер тұста орналасқан. Сол жерден сапарға аттандық. Күнделікті таңғы 04:30-05:00-де оянып, ас-су ішіп, 6 жарымда жүзіп кетіп отырдық.

Күнделікті сал қайықпен 6-8 сағат жүзіп, адам аяғы баспаған аралдарда аялдаған достар жабайы табиғи жағдайда тірлік кешті. Саяхатшылар бағытты анықтау үшін компас емес, гугл-карта көмегіне жүгінген.

Нұрдос Сәлембаев, саяхатшы:

- Сапарымыздың соңғы күнінде бірқатар қиындықтарға ұшырадық. Қарсы беттен және қапталдан қатты жел соқты. Белуардан су кешіп, қайықты 8 шақырымдай сүйрей жүріп, әупірімдеп жағаға шығардық.  

Ядрошы-физиктерге сал қайығын құрастыру қиындық тудырған жоқ. Ағаш конструкцияның астыңғы жақтауына 8 бөшке байланды. 2 ескек пен 6 метрлік құрықпен қаруланған жігіттер өзегі талмай өзен жағалаған 5 күнде 170 шақырымды артқа тастады.

Нұрдос Сәлембаев, саяхатшы:

- Барлық қиындықты бірге еңсердік. Арасында түсінбеушілік туып, сөзге келіспей қалған кездер болды әрине. Бірақ ортақ мақсат жолында тіл табыса білдік. Қыжығы мен шыжығы мол сапар достығымызды одан сайын бекіте түскені анық. 

Қазір елордада тұратын 3 дос естеен кетпес саяхатты келер жылы тағы қайталауды жоспарлап отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы