432,62 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тұрғымбаев халықты желідегі жалған ақпараттан сақтандырды

  • 367
  • UPD: 13:58, 24.07.2020

Кеше түнде Сәтбаев қаласында 5 жастағы қыз баланы пәтерде ұстаған ер азамат қамауға алынды. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев орталық коммуникациялар алаңында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазір бұл дерек қатаң бақылауға алынып отыр. Ведомство басшысы халықты әлеуметтік желілерде тарап жатқан жалған ақпаратқа сенбей, тек ресми мәліметтерге назар аударуға шақырды.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

- 23 шілде күні кешкі сағат 9-да Сәтбаев қаласының Ішкі істер басқармасына 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түсті. Дереу іздестіру нәтижесінде бүлдіршін қаладағы бір үйден табылды. Жас қызды зорлады деген күдікпен бір азамат қамауға алынды. Бірақ бірнеше адам күдіктіні өз қолдарына беруді талап етті, жанжал шығарды. Бұзақылық жасап, полицейлерге қарсылық танытты. Тәртіпсіздікке жол бермеу үшін қосымша полиция күштері тартылып, жағдай бақылауға алынды. Бұл оқиға бойынша бірнеше баппен қылмыстық іс тіркелді. Тергеу амалдары жалғасуда. 

Сондай-ақ министр Түркістан облысы Шорнақ ауылында жастар арасында болған тұрмыстық жанжал туралы айтты. Қазір бұл оқиғаға қатысқан 4 адам анықталып, ұсталды. Тәртіп сақшылары жанжалдың неден шыққанын тексеріп жатыр. Бұзақылық дерегі бойынша тергеу жумыстары жүргізілуде.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

- Арандатушылар әлеуметтік желі арқылы тәртіпсіздік жасауға шақырып, жалған ақпарат таратқан. Полиция қызметкерлері бұл заңсыз әрекеттердің жолын кесті. Бұл үшін заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертемін. Ауылдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері өз жұмысын күшейтті. Қазір жағдай тұрақты.

Хабар 24 телеарнасы