432,01 515.14 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Енді облыс әкімдерінің орынбасарлары әр жұма сайын азаматтарды онлайн қабылдауға міндетті

  • 410
  • UPD: 21:51, 24.07.2020

Әр жұма тұрғындар облыс басшыларымен онлайн байланыс орнатады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егер түсірген шағымдарына қисынды жауап ала алмаса, сотқа да жүгінуге мүмкіндіктері бар. Бұған Мемлекет басшысы қол қойған әкімшілік кодекс толық мүмкіндік береді.

Атыраулық Бихан Тәженованың үйі осыдан 5 жыл бұрынғы нөсер жаңбыр кезінде қирап қалды. Ол ғана емес, бүтіндей бір аудан халқының баспанасы бүлінді. Кейін арнайы комиссия шешімімен оларға өтемақы төленді. Бихан Тәженова бұл қаржыдан бөлек қарыз алып, үйін жөндеткен. Алайда көп ұзамай босатуға мәжбүр болады. Себеп – қарыз берген адам баспананы заңсыз иемденіп алған.

Бихан Тәженова, қала тұрғыны:

– Мен ешқашан мемлекеттік органдардың есігін ашпағанмын. Мені естіді. Соның арқасында баспанам өзіме бұйырып, мен осындай жағдайға қол жеткіздім деп ойлаймын.

Бихан Тәженованың жағдайы оңынан шешілді. Ал сол секілді өзге де отандастарымыздың халі не болмақ? Жергілікті әкімдіктер азаматтардың арыз-шағымына атүсті қарайды деді Президент көмекшісі Тамара Дүйсенова. Сондықтан жауаптыларға тағы бір міндет жүктелетін болды.

Бұдан былай облыс әкімдерінің орынбасарлары әр жұма сайын азаматтарды онлайн қабылдауға міндетті.

Тамара Дүйсенова, ҚР президентінің көмекшісі, қр президенті әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі:

– Яғни облыс әкімдерінің бірінші орынбасарлары азаматтарды өз өңірлерінде онлайн қабылдайды. Ал сол онлайн қабылдауларға біз де қатысып отырамыз. Егер азаматтардың сұрағы облыс әкімінің шегінде емес республикалық ауқымда қаралатын мәселе болса, бірден ол мәселені өзімізге аламыз.

Президенттің халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы осындай іс-әрекеттермен айшықталса керек. Бұл ұғым атқамінерлерді құр сөз, бос уәдеден арылтуы тиіс. Айта кетейік, келер жылы елімізде «Электронды өтініш» платформасы іске қосылады. Сол арқылы көпшілікті алаңдатқан мәселелер ортақ жүйеде қаралып, дер кезінде жауап берілетін болады. Бұл істі Президент әкімшілігі қатаң қадағалайды.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы