423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорғанда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары өз баспаналарына кіре алмай жүр

  • 337
  • UPD: 21:51, 24.07.2020

Себебі 480 млн теңге бөлініп, «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған 60 пәтерлі үйдің құрылысын «Сурмак» деп аталатын мердігер мекеме бітірмеген.

Құрылысшылардың жауапсыздығынан қарапайым халық зардап шегіп келеді.

Тірнектеп жинаған бар қаржысын банктің есепшотына аударған салымшылар бұл үйге 2018 жылдың аяғында қоныстануы керек еді. Мердігер мекеменің құрылысты бекітілген мерзімде бітірмеуінен тұрғындар күні бүгінге дейін жалдамалы пәтер жағалап жүр.

Сәния Төлендиева, салымшы:

– Наурызда кіресіздер деді. Болған жоқ. Тағы келдік. Сенімнен қалдық. Бұл жерде жастар да бар. Баспанаға бір, банкке ақша төлейді.

Үйдің берілуін асыға тосып жүргендердің бірі – Сырым Қайратбекұлы. Ол екінші топтағы мүгедектігін алға тартып, үкіметке алақан жаймай баспаналы болу үшін бірнеше жыл бойы қаражат жинапты.

Сырым Қайратбекұлы, салымшы:

- Тізімде 512 боп тұрмын. Тегін үйді сұрамай, кезек қашан келеді деп сұрамай, өзім ақша жинап, жұмыс істеп, алайын десем мынандай жағдай болып тұр.

60 пәтерлі үйдің тең жартысы кезекте тұрған әлеуметтік топтағыларға, қалғаны салымшыларға беріледі. Олардың тіпті қай пәтерді алатыны да белгілі. Алайда кейбір тұрғындардың сақалды құрылысқа айналған баспананың сапасына көңілі толмайды.  

Құрылыс уақытылы аяқталмаған соң қалалық әкімдік тендерді жеңіп алған компанияны сотқа беріпті. Уәкілетті орган құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме есебенін аяқтау туралы шешім шығарған. Соған сәйкес аталған кемшіліктер ретке келтіріліп, пәтер кілті жақын күндері иелеріне табыс етілмек.

Нұр Қанатұлы, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

– Қалалық әкімдік өз күшімен де көмектессе, он күн ішінде бітіреміз. Талдықорған тұрғындарына тапсырамыз.

Аталған компанияның әлегі бұл ғана емес. Мердігер мекеме осы үймен қатар тағы бір 60 пәтерлі баспананың құрылысын бастап, аяқсыз тастаған екен.    

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдірешов

Хабар 24 телеарнасы