420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Свой дом» тұтыну кооперативіне сенген оралдық тұрғындар үйсіз жүр

  • 269
  • UPD: 21:54, 24.07.2020

«Свой дом» тұтыну кооперативіне сеніп, баспаналы болам деген бір топ оралдық азамат далада қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар өздері таңдаған үйдің жарты сомасын бірнеше жыл ішінде аталған ұйымға жинап тапсырған. Алайда келісілген уақытта пәтердің қарасын да көрмеген. Ақ адал ақшасын кері алайын десе, кооператив басшылығы шығарып салма жауаппен шаршатыпты. Амалы құрыған тұрғындар бүгін біздің арна тілшілерін шақырып, жанайқайын жеткізді.

«Төмен пайыз, арзан баға, жылдам баспана. Табыс көлемі мен несие тарихы маңызды емес» Жергілікті ақпарат құралдарында осы мазмұндағы жарнаманың жүргеніне біраз болды. Нұрсұлу Ерғалиева да соған сеніпті. Алайда қазір не үй жоқ, не ақша жоқ. Күнде ертең деген уәдемен күн өтіп жатыр.

Нұрсұлу Ерғалиева, қала тұрғыны:

– Таныстардың көбі үй алып жатыр деп келген болатынбыз. Былтыр миллион ақша салған болатынмын. Сол ақшамызды қайтарамын деп алты ай болды, бөпеммен қайта-қайта келіп жүрмін. Бірақ қайтарып бермей отыр.

Егер Нұрсұлу бір миллион теңгесін даулап жүрсе, 10 млн-дап қаржы салғандар да бар. Баспана аламын деп, бар жиған-тергенін «Свой дом» кооперативіне ұстатқандардың бірі – Медет Болатбаев.

Медет Болатбаев, қала тұрғыны:

– Салымшы ретінде әкем. Ол кісі 10 млн-ға жуық ақша салған. 6 айда алып береміз деген, 2 жылға жуық уақыт өтті. Сотқа жазып жатыр.

Клара Бекмұхамбетова, қала тұрғыны:

– Мен жыл жарым болды деп тұрмын ғой. 3 млн 440 мыңдай салдым. Күдік болған жоқ. Бүкіл жерде беріп жатыр. Екі жылдың ішінде 180 адамға пәтер бердік дейді. Кісі толып жүреді. Қайдан білейік, олай істеп кететінін. 90 мыңға пәтер жалдап тұрамын. Тиындап жинаған ақшамды осында әкеп салдық. Енді дымсыз қалдық.

Дәл қазір кооператив кеңсесі жабық тұр. Бұған дезинфекциялау жұмыстары себеп дейді телефонмен тілдескен ұйым басшысы. Айтуынша, ешкімді алдау ойларында жоқ. Ал әр салымшының шағымын жеке қарау керек көрінеді.

Гүлзара Еркінәлиева, тұтыну кооперативінің төрайымы:

– Әрбір бағдарламаның күту мерзімі бар. Сондықтан уақыт керек. Бізде несие тарихы, жалақы қаралмайтындықтан ай сайын жинақ бар. Содан өзара қаржылай көмек қоры құралады. Әр қатысушыға кезекпен үй сатып алынады.

Кооператив басшысы тұрғындардың пәтер алуындағы іркілісті пандемиямен байланыстырады. Алайда салымшылар оны жоққа шығарады. 

Күләнда Манаева, қала тұрғыны:

– 2018 жылы 3 млн салдым, 6 млн-ның үйін аламыз деп. Былтыр берем деді. Үйге дейін тауып алдық. Сосын жоқ. Екі ай жүрдім. Сылтаулар айтты. Сосын сотқа да бердік. Шешім шықты. Бөліп төлеймін деп, графигін де берді. Жоқ. Ештеңе төлеп жатқан жоқ.

Күні бүгін құр уәдеге тойған 35 тұрғын сотқа арыз берген. Жетеуінің талабы ішінара қанағаттандырылған. 12-і медиацияға жолданған. Қалғаны қаралып жатыр. Фемида өкілдері шартта пәтер беру жайы нақты көрсетілмегенін, әр азаматтың қол қоймас бұрын құжатты жіті зерделеуі керектігін айтады.  

Шынаргүл Шайдиева, №2 қалалық соттың судьясы:

– Алаяқтық белгілері бар-жоғын қылмыстық қудалау органдарының құзіретіне жатады анықтау. Ал шарттарды зерделеген кезде анықталғаны жиынтық-жеңілдік жүйесіне қатысу шарты деп аталады. Яғни кооператив өз міндетіне сол азаматтың жарнасы жинақталғаннан кейін белгілі бір бағдарлама бойынша кезекке қою ғана міндетін алады. Шарт талаптарына сәйкес үй алып беремін деген ондай міндеттеме жоқ. Тек кезекке қою жөнінде міндеттеме бар.

Кооперативтің табалдырығын тоздырудан шаршаған тұрғындар бүгін шағымдарын облыстық прокуратураға тапсырды. Дәлірек айтқанда, көшедегі көк жәшікке қалдырды. Себебі прокуратура пандемияға байланысты халықты қабылдамай отыр. Бізге де түсінік беруден бас тартты. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы