427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында бірде-бір заңды қоқыс полигоны жоқ

  • 518
  • UPD: 11:24, 25.07.2020

Ақмола облысында бірде-бір заңды қоқыс полигоны жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды қала маңындағы заңсыз полигонға тастауға мәжбүр. Жапан далада жайылып жатқан қоқысты қашан алады?

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Күніне кем дегенде 50 мың адам демалатын Бурабай көлінің жағасы бүгін қаңырап бос тұр. Ұлттық парк Қазақстанның өзге демалыс орындары сияқты карантинге жабылды.

Туристік аймақтың кіреберісіне блок-бекеттер орнатылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Көл жағасын патрульдік полиция қызметкерлері бақылап жүр. Ал, Бурабайға карантинге дейін келген азаматтар үшін арнайы хабарландырулар ілінген. Бірақ шектеу шаралары демалушылардың көңілінен шықпаған сыңайлы.

Блиц 1:

- Коронавирус әлі де қауіпті. Сондықтан сақтанып жүрген абзал. Адамдармен көп соқтықпау үшін қонақ үйден емес, бөлек пәтер жалдап тұрып жатырмыз.

Блиц 2:

- Адам қарасы азайған. Суға шомылуға болмайды. Біз тиіндерге тамақ беріп, таза ауа жұтуға шықтық. Бұл жерге сейсенбіде келдік.

Жазда отыратын орын болмайтын су жағасында қазір шағалалардан басқа тірі жан жоқ. Айналаның барлығы ала жіппен қоршалған. Шомылуға тыйым салынғандықтан, жергілікті тұрғындар велосипед теуіп, серуендеуді ермек қылып жүр. Карантиннен кейін өзгерген тағы бір көрініс, көл жиегі қоқыстан тазарған. Жағалауға темір жәшіктер де қойылыпты. Бірақ бұл тек қаланың ішіндегі жағдай. 

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Біз қазір Щучье қаласынан екі шақырым жерде орналасқан қоқыс полигонында тұрмыз. 2014 жылы бұл полигон заңсыз деп танылған. Бірақ сот шешіміне қарамастан, Щучье және Бурабай қаласының тұрғындары мен кәсіпорындары қоқыстың барлығын осы жерге әкеліп тастайды. Себебі басқа полигон жоқ.

Ауданы 54 гектар. Жылдап жиналған қоқыс қалдықтары үйіліп жатыр. Түсірілім кезінде мұнда кезекті жүк көлігі келіп тоқтады. Ал полигонның заңсыз екенін естігенде құрылыс қалдықтарын тасмастан кетіп қалды. Жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар болып шықты. Бірақ бес жылдан астам уақыт бойы жаңа қоқыс полигонын неге салмағаны бізге белгісіз.

Әділет Рақымжанов, Бурабай ауданының ТҮКШ басшысы:

- Златопольский елді мекенінде тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын жаңа алаң дайындап жатырмыз. Ауданы 20 гектар. Бүгінде облыстық табиғи ресурстар басқармасы техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуде. Ал біз Бурабай ауданының әкімдігі тарапынан мемлекеттік акт дайындадық. Яғни, басқа қоқыс полигоны ашылады. Ал мына жер жабылып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Әкімдік өкілінің сөзіне қарағанда полигон жанынан қоқыс өңдеу зауытын салу жоспарланған. Қазір жекеменшік компаниямен келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді.

Әділет Рақымжанов, Бурабай ауданының ТҮКШ басшысы:

- Мына жердегі қалдықтар болмайды. Бұған шамамен 3-4 жыл уақыт кетеді. Қалпына келтіру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттарды дайындау үшін 7 миллион теңге керек. Қаржы бөлінгеннен кейін біз мына жердегі қоқысты сұрыптап. Жаңа қоқыс полигонын ашамыз.

Облыстық экология департаментінің есебі бойынша заңсыз қоқыс алаңы қоршаған ортаға 146 миллион теңгеге зиян келтірген.

Зулфухар Жолдасов, ҚР Экология министрлігі экологиялық бақылау және реттеу комитетінің төрағасы:

- Ақмола облысы аумағында мың жарымға жуық заңсыз қоқыс алаңы бар. Біз оны ғарыштан бақылау жүйесі арқылы анықтадық. Заңды полигондардың болмауы өңірдегі ең үлкен экологиялық проблема. Сондықтан біз мұнда туристік класстерді  дамытуды жоспарлап отырмыз.

Экологиялық проблемаларды шешу үшін жауапты министрлік туристік аймақтарды апта сайын тексеріп отырады. Мақсат – айналаны қоқыстан тазартып, халықтың экологиялық мәдениетін көтеру. Бұдан бөлек, республикалық шұғыл желі іске қосылды. Ол экологиялық заңбұзушылықтарға қатысты ақпарат қабылдап, оның салдарын жоюға тырысады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы