422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық мамандар Арал түбін көгалдандыру ісімен етене айналыспақ

  • 231
  • UPD: 16:39, 25.07.2020

Түркістан айналасындағы жасыл белдеуді дамыту үшін өзбек тәжірибесі назарға алынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір қазақстандық мамандар көрші елдегі Қарақалпақстанға барып, Арал түбін көгалдандыру ісімен етене танысып жүр. Теңіздің құрғап қалған табанына егілген орманның бүгінгі күйін Жасын Біркенов айтып берсін.

Жасын Біркенов, тілші:

- Бір кездері толқыны тулаған, шағаласы шулаған Арал теңізінде бүгінде проблема көп. Кезінде Арал көлемі жағынан әлемдегі ең үлкен төрт көлдің бірі болды деп айту қиын. 60 мың шаршы шақырым аумағындағы су тартылып, қазір бұл жер Аралқұм шөліне айналды.

Экологиялық апаттың салдарынан жыл сайын ауаға 70 млн тонна шаң-тозаң, тұз бен құм көтеріліп, Қарақалпақстан мен Хорезм тұрғындарының дегбірін қашырып жүр. Экожүйені қалпына келтіру үшін көршілер теңіздің құрғап қалған табанын орманға айналдырып жатыр. Соңғы екі жылда 1 млн 200 мың гектар алқапқа қарабарақ, жыңғыл, сексеуіл секілді шөлге төзімді өсімдіктер егілді. Енді өзбек ағайынның тәжірибесін Түркістан облысының мамандары қолданбақ.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

- Түркістан төңерігінде Өзбекстан тәжірибесімен шөлді жерлерде, құмды жерлерде, тұзды жерлерде сексеуіл, шыңғыл өсіретін алқаптар ұйымдастыру. Бұл да бізге өте қызық тәжірибе. Сондықтан біздің облыстан үш топ келіп, жұмыс істеп жатыр. Олар Наманганға, Қарақалпақстанға барады. Бұл тәжірибелерді өзімізге ендіруге мүдделіміз.

«Жыңғыл мен сексеуіл улы тұзды тозаң мен құмды өз маңына жинап, ауаға көтерілуіне тосқауыл қояды. Әрі олардың жерсінуі жақсы», - дейді өзбек мамандары. Қазір көрші ағайын бұл өсімдіктердің тұқымын қолмен де егіп, әуеден де сеуіп отыр. Қазақстандық ғалымдарды қызықтырып отырғаны да осы технология.

Нұрбек Бадырақов, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Түркістан қаласының маңайына 10 мың гектарға осындай жасыл белдеу қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. Биылдың өзінде 2 мың гектар жерге жасыл аймақ қалыптастырылды. Енді оны әрі қарай дамыту үшін жасыл аймақтың сыртынан 10 мың гектарға осы сексеуілді егуді жоспарлап отырмыз. Бұл өте тиімді. Өйткені мынау аңызақ жер, құмды жер. Сол жерлерге сексеуіл дақылдары бейімделген. Осы жұмыстарды Түркістан маңайында бірге жалғастырамыз деген жоспарымыз бар.

«Соры шығып, құмы ұшқан жерді көгалдандыру қиынның қиыны», - дейді мамандар. Арал апатының салдарын жою үшін көрші ағайын биылдың өзінде 700 мың гектар жерге өсімдікті көк кілемдей төсеп, теңіздің өлі табанындағы тіршілікті тірілтіп жүр.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы