431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бір шеті Ресеймен шектесетін жол құрылысы келер жылы аяқталады

  • 790
  • UPD: 14:24, 27.07.2020

Әлемді де, елімізді де жайлаған қауіпті індет біраз істің ілгерілеуіне кедергі болды. Алайда жол құрылысшылары келген қиындыққа қарамастан дамылсыз жұмыс істеп жатыр. Атырау мен Ақтөбе облыстарын қосатын күре жолдың құрылысы келесі жылы аяқталмақ.

Біз қазір Атырау мен Ақтөбе облысын қосатын автокөлік жолының құрылыс алаңындамыз. Қандығаш-Мақат жол жобасының 370-458-шақырымдарындағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қос облысты қосатын 128 шақырымдық автокөлік жолын салу жұмыстары келесі жылы аяқталады деп жоспарланған.

Құрылыс алаңына керекті әр материал көршілес Ақтөбе және Ақтау қалаларынан темір жол арқылы жеткізіледі. Сондай-ақ, олардың жарамыдылығы мен сапасы арнайы лабораторияда тексеріліп болған соң ғана, жол жұмыстарына пайдалануға рұқсат беріледі.

Нұргүл Әбденова, зертхана меңгерушісі:

- Келген материалдың барлығы осы лабораторияда Қазақстанның стандарттарына сәйкес, сынамалар жасалады. Сол сынамалардан өткеннен кейін ғана біздер жол жұмыстарына пайдалануға болатындығын осы жерде тексеруші органдар бар, солардың келісімімен біздер әрі қарай жұмысымызды жалғастырып отырамыз.

Жол құрылысшылары қауіпті індет пен ми қайнатар ыстыққа қарамастан жұмыс істеп жатыр. Бүгінде күре жолдың шамамен 40 шақырымының құрылысы біткен. Толықтай келесі жылы аяқталмақ.

Жаңабай Башаров, «Қазавтожол» ҰҚ АҚ АОФ директоры: 

- Осы күнге 128 километрдің 39 километрінде асфальт бетон жамылғысы жатыр. Қиыршық тасты цемент қосылған жабыны 45 км жатыр. Одан кейін мынау қиыршық тасты құмды қоспасы 50 километрдің үстінде. Жалпы жұмыс тоқтап жатқан жоқ, жүріп жатыр. 

Қос облысты қосатын жол құрылысы «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы» республикалық маңызы бар автокөлік жолын салу жоспары негізінде жүзеге асып отыр. Жол барлық талаптарға сай болмақ. Жиектеріне арнайы аялдамалар мен автотұрақ салу да жоспарланған. Сондай-ақ жол салу жұмыстарына жергілікті азаматтар да тартылыпты. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы