428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге бөлінетін қаражат көлемі ұлғайды – МӘМС

  • 245
  • UPD: 20:50, 27.07.2020

Коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге бөлінетін қаражат көлемі ұлғайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауруханада ем қабылдап жатқан азаматтарға жақындары сырттан дәрі іздеп сабылған кез көптің есінде. Әлеуметтік сақтандыру қоры енді сондай жағдайға жол бермейміз деп отыр. Ол үшін дәрі жеткізетін дестрибьютормен келісіп жасасып, алдын ала ақша аударған.

Осы уақытқа дейін коронавирус инфекциясына шалдығып, ауруханада емделгендер дәрі-дәрмек тапшылығына наразылық білдіріп жатты. Көбі қажетті препараттарды өз бетімен іздеді. Бұдан былай, осындай жағдайларды болдырмау әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры «СҚ Фармация» компаниясымен шарт жасасып, дәрінің ақысын алдын ала төледі. Сондай-ақ емделіп жатқан пациенттерге бөлінетін қаржы көлемі артты. Сомасы дерттің дәрежесіне байланысты болмақ. Оның айтуынша, ауыр науқасқа шалдыққан әр пациентті емдеу үшін 1,7 миллион теңге қарастырылған. Егер дерт асқынуы орташа деңгейде болса 446 мың, ал жеңіл дәрежедегілерге – 292 мың теңге. Жазылып шыққандарға да қолдау көрсетіледі.

Болат Төкежанов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы:

– Көптеген қазақстандық коронавирус пен өкпе қабынуына шалдыққанда, диагностика мен дәрі-дәрмекке өз қаражатын жұмсаған болатын. Енді біз ауырып шыққандарды оңалтуға қаржы бөлмекшіміз. Қазір ем жүргізу алгоритмдерін әзірлеп жатырмыз. Біз емхана деңгейінен бастап Оңалту орталықтары мен санаториялық-курорттық ұйымдарға дейінгі барлық деңгейдегі көмек түрлерін қарастырамыз.

Ал ем-домды үйде қабылдап жатқандарға дәрі-дәрмекті арнайы мобильді бригадалар әкелетін болады. Жақында 3 мыңға жуық осындай топ жұмысын бастап кетті. Оларға тағы 500 бригада қосу жоспарда бар.

Бақыт Түменова, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті:

– Денсаулық сақтау саласында істеп жатқан азаматтар мен ел тұрғындары осы бастама туралы көп уақыт айтып келген. Енді мобильді бригадалар іске қосылғалы емханадағы кептелістер азайды. Көп адамның дәріхана аралап, препарат іздеуге шамасы жоқ. Бұл дәрілердің тегін таратылуы бізді әрине қуантып отыр.

Әлеуметтік сақтандыру қоры пиарға бағытталған шығындарды қысқартып, 1 миллиард теңге қаражат үнемдеді. Бұл қаржы да коронавирус және өкпе қабынуына қарсы күреске пайдаланылмақ. Ал эпидемиологиялық жағдай нашарласа, індетпен күресуге қосымша 110 миллиард теңге бөлінуі мүмкін екенін де айтты қор басшысы.

Авторлары: Дариға Ташенова, Самат Әубәкір

Хабар 24 телеарнасы