420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ластанған Ертістің жағалауы қоғам белсенділерін алаңдатып отыр

  • 246
  • UPD: 21:59, 27.07.2020

Қара Ертістің жағалауы да күнен-күнге ластанып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соған байланысты өңірде экологиялық рейдтер көптеп ұйымдастырыла бастады. Бірақ айыппұл салды екен деп, аяғын тартып жатқандар азайса кәні?

Павлодар қаласының тұрғыны Евгений Юнкман отбасымен бірге табиғат аясында дем алғанды жақсы көреді. Ертіс өзенінің бұл жағалауы – олардың сүйікті жері. 40 жасар азамат осы жерге келгенде көңілінің түсіп қалғанын жасырмады. Себебі осы аймақ қоқысқа толы болыпты.

Евгений Юнкман, қала тұрғыны:

– Қоқыс үйіліп жатты. Не масқара бұл? Жинап қойдық. Біз демалысқа келгенде өзімізден қалған қоқысты жинап, алып кетеміз. Жерлестеріме айтарым, табиғатты қорғаңыздар. Табиғатты аялаңыздар.

Өкініштісі сол, Евгений Юнксман сияқты табиғатты аялайтындар аз. Бұл сөзімізге өзен жағасындағы үйілген тұрмыстық қалдықтар дәлел. Карантин режиміне қарамастан, демалушылардың қарасы көп. Сәйкесінше, артынан қалған қоқыс та жетерлік.

Асылбек Әнуарбекұлы, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бас маманы:

– Олардың барлығы жан-жануарларға және балықтарға кері әсерін тигізеді. Себебі күл-қоқыстар шіріп, балалар көлге түскенде зардап шегеді.  Адамдардың көзқарасы табиғатқа деген өзгеріп кеткен. Ол өзінің туған жерін сыйламаған адамдар деп санаймын.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары тынығушылардың экологиялық мәдениеті төмендеп кеткен. Қоршаған ортаның жағдайы үшін қоғам белсенділері де алаңдаулы. Сол себепті жауапты мемлекеттік орган қызметкрелерімен бірге рейдтік шараларға шығуды жөн санаған.

Юрий Гашек, экология белсендісі:

– Жағаға қоқыс жинала берсе, экологиялық жүйені бұзып жібереді. Қоршаған орта тұрақсыз болады. Мәдениетсіз демалыс табиғатымызға кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Бұлай жалғаса берсе, ертең өзенімізден түк қалмайды. Ойланайық. 

Дархан Исжанов, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

– Басты мақсатымыз - Ертіс жайылымының ластануына жол бермеу. Ол үшін түсіндіру жұмыстарын күшейтеміз. Жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметімен бірлескен шараларымызды өткіземіз. Кез келген шараның тиімді болуына көз жеткізуіміз керек.

Осы жолы мамандар Ертіс және Усолка өзендерінің жағасын аралады. 200-ден астам парақша таратып, табиғатты қорғаудың заң талаптарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ аумақты қорғау ережелерін бұзған азаматтарға айыппұл салды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы