420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкенттік дәрігерлер пандемияның екінші кезеңіне дайындалуда

  • 186
  • UPD: 08:25, 28.07.2020
Шымкенттік дәрігерлер пандемияның екінші кезеңіне дайындалуда фото: otyrar.kz

Шымкенттік дәрігерлер пандемияның екінші толқынына дайындалып жатыр, деп хабарлайды Otyrar.kz.

Стационарлық төсек-орындарды резервке алып, дәрі-дәрмек қорын жасақтауда.

«Адамдардың шоғырлануын болдырмас үшін науқастардың үй жағдайында ем-дом алуына да мүмкіндік жасаймыз», дейді ақ халаттылар. Салаға жауаптылар алдымен қаладағы қазіргі эпидемиологиялық ахуалға тоқталды.

Осыған дейін шаһарда бас-аяғы 4708 адам COVID-19 жұқтырған болса, оның ішінде 2938 науқас емделіп шыққан. Бүгінгі күнгі маусым айының басындағы жағдаймен салыстырғанда пневмонияға шалдыққандар қатары екі есеге, жедел жәрдемге жүгінгендер қатары 38%-ке азайған.

Дегенмен, арқаны кеңге салуға әлі де ерте. Себебі, пандемияның екінші кезеңі бас көтергенде ақ халаттылар сақадай сай болуы тиіс. Басқарма өкілдері «шаһарда пневмония мен ЖРВИ дендегенде бірінен соң бірі ашылған стационарлық орындарды әзірге жаппаймыз» деп отыр. Олар келесі кезеңге резерв ретінде алынады.

Денсаулық сақтау саласының өкілдері алдағы уақытта науқастардың үйде жатып емделуіне басымдық бермек. Емханалар жанынан құрылған қосымша мобильді бригадалар саны қазір 197-ге жеткен. Осыған дейін олар 16 мыңға жуық науқасқа көмек көрсетіпті.

Дәулет Шорабаев, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасыныңы жетекші маманы: «Тұрғындар онлайн кеңестер ала алады. Онда дәрігерлер емделу жолдарын қашықтықтан түсіндіріп береді. Бұл адамдардың шоғырлануын болдырмайды. Бұл да өз кезегінде ауруды тезірек жеңуге сеп болмақ».

Дегенмен, шымкенттік ақ халаттылар пендемияның екінші толқыны қашан басталатынын дөп басып айта алмады. Бұл сайып келгенде халықтың санитарлық жағдайды қаншалықты ескеруіне байланысты екен. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Салаға жауаптылар қазір екі айлық дәрі-дәрмек қорын да жасақтап, тиісті тапсырыстарын да әлден ақ қамдап қойыпты.

 

 

Хабар 24 телеарнасы