423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қоғамдық көліктерде санитарлық талаптар сақтала ма?

  • 214
  • UPD: 10:01, 28.07.2020

Шымкентте қоғамдық көлікке бетпердесіз кіріп, еш қымсынбай жүретіндер аз емес.

Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар мәлімдеді. Бір қызығы, санитарлық талапқа мұрын шүйіріп пысқырмаған жолаушыларға құзырлы мамандар айыппұл салынып, шара қолданбаған. «Тек ескертумен шектелдік», дейді басқармадығылар. Шынында да, қоғамдық көліктерде санитарлық талаптар қаншалықты сақталады ? Карантин кезінде автобусқа мінген жолаушылар арақашықтықты ұстана ма? Бұны жолаушылармен бірге жүрген арна тілшісі Нұрбек Байбосыннан білсек.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Карантин кезінде таңғы сағат 07:00-ден бастап қатынайтын қоғамдық көліктерге тек түске дейін мініп үлгересіз. Ал аялдамаларда автобусты күткендер көп. Біразы бетперде тақса, кейбіреуі оны қажет деп санамайды. «Шыжыған күнде бетперде неге керек» дегендер де бар.

Блиц 1:

- Күн ыстықта маскамен жүру бәлкім зиян да шығар білмеймін. Енді денсаулықты сақтау үшін жүреміз ғой, амал жоқ. Үйге барғаннан кейін шешемін. Ал көшеде маскамен. Маскасыз жүре алмаймын.

Блиц 2:

- Көшеге көп шықпаймын, бүгін ғана шығып тұрмын. Әйтеуір бәрі маскамен жүр. 100% болмаса да жүр ғой, әне, біреуінде бар, біреуінде жоқ.

Блиц 3:

- Қара халық қиналып жатыр, көлігі жоқ. Барам деген жеріңе автобуспен де бара алмай қаласың.

Блиц 4:

- Әркім өз денсаулығы үшін киеді де. Енді ішінде бар рухы күшті, «маған ештеңе жоламайды» дейтіндер. Олар кимейді, құқығы бар шығар бәлкім. Иммунитетке байланысты ғой оның бәрі. Негізінде сақтық шараларын сақтау керек. Ал автобустар сағат 12:00-13:00-ге дейін жүру керек қой. Оған дейін дым бітіре алмай қаласың ғой.

«Автобус ішінде бетпердемен отыру бүгінгі күннің талабы», - дейді жүргізуші Ерлан Байбөриев. Кондуктор жолаушыларға сан рет ескерткенімен, дүрсе қойып, айқайға басатындар да жетерлік. Солардың дені үлкен кісілер. «Ал аялдамаға тоқтап, санитарлық талапқа сай орынға ғана адам алайын десең, тастап кеттің деп шу шығарады», - дейді халық.

Ерлан Байбөриев, автобус жүргізушісі:

- Үлкен кісілер ғой негізі тыңдамайтын. Айтып ескертсең де, ұрсып-ұрсып кетеді. Не жұмысың бар деп. Ескерту болып жатыр азаннан кешке дейін.

Қазір қай уақытқа дейін жүріп жатырсыздар?

Сағат 12:00-де тоқтауымыз керек. Линиядан шығып кетуіміз керек. Келе жатырмыз қазір 5 минут қалды шығып кетеміз.

Кондуктор:

- Әкімшілік «алдынан мініп, артынан түссін» деген еді. Оны халыққа түсіндіру мүмкін емес. Күніне мысалы, 100 адам мінсе, сонша адам пікір айтады. «Мүмкін терезеден түсіп, мінербіз» дегендей. Оны біз түсіндіре алмаймыз, «алдынан мініп, артынан түс» деп. Тыңдамайды. Үлкен кісілер бар, мүгедектер бар. Оларға мен айта алмаймын алдынан мін деп.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ортадағы есікпен кіруіне болады. «Бұған шектеу жоқ», дейді жолаушылар көлігіне жауаптылар.

Наурыз Сүгірәлиев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы ортаңғы есікпен кіретіндей жағдай жасалған, пандустары бар. Мүмкіндігі шектеулі азамат келіп, белгі берген жағдайда жүргізуші түсіп, мінгізуге міндетті.

Ал, бетпердесіз автобусқа кіргендерге оны тағуды талап етсең, төбелесуге дейін барады. Жолаушылар арасында ондай да жағдайлар орын алыпты. «Ондай азаматтарға түсіністік танытып, айыппұл салмадық. Тек ескерту жасадық» - дейді басқармадағылар.

Наурыз Сүгірәлиев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Кейбір жағдайда маскасыз кіріп кетіп, дөрекілік көрсеткендер болды. Бірақ та айыппұл салынған жоқ. Неге? Ол айыппұлды салу үшін арнайы жұмыс тобымен барып, құзырлы органдар салу керек. Көп жағдайда ескертумен шектелдік.

Қоғамдық көлік Шымкентте таңғы сағат 07:00-ден түскі 11-12-ге дейін қатынауда. Ал кешкісін сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін жүреді. Үзіліс уақытында автобустарға дизинфекция жасалынады. Дегенмен, көлік ішінде халық үшін арнайы санитайзерлер орнатылғандығын байқамадық. Арақашықтық жайы айтпаса да түсінікті. 

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Міне, сағат тілі 12:00-ден асқандығын көрсетіп тұр. Қалада қоғамдық көлік толығымен тоқтауы тиіс. Ал автобусқа үлгере алмағандар такси қызметіне жүгінуге мәжбүр. Әлі де болса аялдамада адам көп. Бір білгеніміз, қарапайым халықтың биліктен сұрайтыны, «автобустардың уақытын сағат 13:00-ге дейін созса», дейді.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы