421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде автобустар қалыпты жұмыс ырғағына көшті

  • 367
  • UPD: 12:49, 28.07.2020

Семейде жолаушылар тасымалы қалыпты жүйеге түсе бастады, хабарлайды «Хабар 24».

Енді автобустар таңғы 06:00-ден бастап бұрынғы тәртіппен жұмысын жалғастырады. Бұл тұрғындардың қалаішілік қатынасқа қатысты талабын қанағаттандыру мақсатында қолға алынған шара. Сондай-ақ жұқпалы індетке қатысты шектеулер кезінде шығынға батқан тасымалдаушы компанияларға да үлкен көмек болды.

Автобустардың іске қосылуы қала тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Себебі, өңірдегі пандемияға қарсы шара барысында жолаушылар тасымалы қысқартылған график негізінде тек 6 сағат жұмыс істеді. Тұрғындар діттеген жерлеріне жете алмай қалатын. Ал такси бағасын көптің қалтасы көтере бермейді. Енді бүгіннен бастап қатынас жанданып, қала тірлігі қалпына келе бастады.

Айдана Атаева, автопарк диспетчері:

- Жолаушылар тасымалындағы өзгеріс қалалық жолаушылар тасымалы басқармасының қаулысы бойынша жүзеге асты. Қаулыда Семей қаласы бойынша 27 шілдеден бастап автобустар кешкі сағат 19:30-ға дейін жүреді делінген. Ал жұмыс күндері тасымал график бойынша жүзеге асады. 

Қоғамдық көліктерде санитарлық нормаларға баса назар аударылады. Себебі, басты мәселе – адамдар саулығы. Тек жолаушылар лық толы автобустарда арақашықтықты сақтау үнемі мүмкін бола бермейді екен.

Ергазы Оразалин, қала тұрғыны:

- Жолаушылар маскаларын тағып жүруге көндікті. Бірақ түскі, кешкі мезгілдерде жолаушылар легі көбейген кезде ереже жайына қалады.Менің ойымша, адамдар көліктер мен көшеден көп ауру жұқтыратын секілді.

Владимир Калнаус, қала тұрғыны:

- Жағдай солай, әркім өзі үшін қорғануы керек қой. Тек соны көпшілік түсіне бермейді. Автобустарда жағдай жаман емес, тек тұрғындар санитарлық талапқа мойынсұнса дұрыс болар еді.

Жолаушы тасымалын жүзеге асырушы компаниялар да адамдар саулығына аса мән береді. Әр автобус күніне екі мәрте санитарлық зарарсыздандырудан өткізіледі. Сондай-ақ жұмыс алдында кондуктор мен жүргізуші медициналық тексеруден өтеді. Осылайша, Семейде жолушылар тасымалы қалыпқа түсе бастады. Әзірге бұл график айдың аяғына дейін сақталады. Ал тамызда семейліктерді не күтіп тұрғанын тап басып айту қиын.

Авторлары: Асланбек Шығыров, Асем Өтешева, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы