429,54 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында 500 орындық провизорлық госпиталь жабылды

  • 172
  • UPD: 17:54, 28.07.2020

Ертіс өңіріндегі госпитальдердің де жүктемесі біртіндеп азайып жатыр. Бүгін Мойылды шипажайының жанынан ашылған 500 орындық емдеу орталығы жұмысын тоқтатты.

Соңғы 24 науқас туған-туыстарының ортасына оралды. Оларға екі апталық амбулаторлық ем тағайындалды. Бұл провизорлық госпиталь 25 күн бойы жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында 500-ден астам азамат ем қабылдап, сауығып кетті. Олардың барлығына пневмония диагнозы қойылған. Жағдайы қиындаған тұрғындар облыстық ауруханаға жатқызылған. Емдеу ісін ұйымдастыру үшін аймақтың түкпір-түкпірінен мамандар тартылды. Ауыр індетпен күресуге 24 дәрігер мен 50-ге жуық медбике атсалысты. Жұмысқа кіріскендердің қатарында шипажайдың медициналық ұжымы да болды.

Айта кетейік, Павлодар қаласының өзінде 10-ға жуық провизорлық орталық ашылды. Бүгінгі күнге дейін 1 мыңнан астам азамат емделіп шықты. Сала мамандарының хабарлауынша, қазір 250 орындық триаж-орталықтағы пациенттер легі азайған. Бүгінде 80 адам емделіп жатыр. 

Әмірхан Тұргелдинов, провизорлық госпитальдің меңгерушісі:

- Ең бірінші күні бізде 150 кісі түсті. Сосын 80, сосын 100, 50-ден кісі солай түсті. Өте қиын жағдай болды. Әскери-далалық условие дейді ғой, біздің дәрігерлер, медбикелер, осындай жағдайда жұмыс істеуге үйренбеген. Бір адам 7-10 күннен, солай емделді. Қиын жағдай болғанда науқастарды облыстық ауруханаға жібердік.

Ерлан Ордабаев, кардиохирург:

 - Алғашқы күндері осындай жағдайға бейімделу қиын болды. Науқастарды да қорқыныш биледі. Біз ем-дом шараларын дереу бастадық. Әр пациентке жедел әрі сапалы көмек көрсеттік деп ойлаймын. Десе де, мамандар жетпеді. Сондықтан қосымша тағы медицина мамандарын тарттық.

Хабар 24 телеарнасы