430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Карантинге байланысты биылғы әскери шақырылым тәртібі өзгерді

  • 355
  • UPD: 19:22, 29.07.2020

Шілденің соңғы күні елімізде азаматтарды көктемгі және жазғы әскерге шақыру маусымы аяқталады, хабарлайды «Хабар 24».

Әлемдегі жағдайға байланысты биылғы шақырылымда біраз өзгешелік болды. Яғни, бірінші рет Қазақстанның қарулы күштері төтенше жағдай кезінде жеке құраммен толықтырылды. Десанттық-шабуылдау бригадасының сарбаздары алғашқы әскери дайындықтан өтіп, қару-жарақ және арнайы техникалармен жақынырақ танысты.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Алматыдан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Іле полигонында десанттық әуе жасақтарының далалық оқу-жаттығу жұмыстары өтті. Санаулы күндер бұрын ғана азаматтық борышын өтеуге келген сарбаздар мұнда атыс қаруларының және танкке қарсы қарудың барлық түрін қалай қолдану керектігі жөнінде мағлұмат алды. Және тәжірибе жүзінде сынақтан өткізіп көрді. Сондай-ақ брондалған техникалардың да қыр-сырына қанық болды.

Ердияр Ергешов, №61993 әскери бөлімі десанттық-шабуылдау ротасының офицері:

- Пандемиялық коронавирус әлемге және өз елімізге зардаптарын тигізіп жатыр. Соған қарамастан, ҚР Қарулы күштері әскери әуе-десант әскерлері жауынгерлік даярлықтың жоспарын толыққанды орындауда. Біз қолда бар оқшашарлар, пулеметтер және де танкке қарсы қару құралдарымен жауынгерлік ұрыс машиналардың құралдарымен өз әскери шеберліктерімізді дамытудамыз.

Әлемді шарпыған қауіпті індет әскери дайындық тәртібінде өз әсерін тигізді. Жылдағы дәстүрлі жаттығуларға өзгеріс еніп, биыл полигонға жеке құрамның тек 25%-і ғана келді. Қалған сарбаздар өздерінің әскери бөлімшелерінде қалып қойды. Бұл тәртіп шектеулі аймаққа адамдардың бір уақытта топтаспауы үшін жасалған болатын. Өйткені мұнда инфекцияның таралу қаупі өте жоғары.

Шыңғысхан Жаңбырбаев, қатардағы жауынгер:

- Алғашқы келген күннен бастап офицерлермен сержант мырзалар әскери істі сапалы оқып үйренуге және де дене тәрбиесін, мұнда карантиндік режимнің сақталуын қатаң талап етеді. Бетпердемізді екі сағат сайын ауыстырамыз және біздің медбикелер азанда және кешкісін дене қызуымызды өлшеп тұрады. Және әр сарбаздың арақашықтығы 2 метрден, отырғанда-тұрғанда 2 метрден арақашықтықтың сақталуы қатаң талап етіледі.

Десанттық шабуылдау бригадасына екі апта бұрын ғана келген жастар қазір сержанттар мен білікті мамандардан тәлім алуда. Олар ант бергенге дейін карантинде болады. Тағы бір айта кетерлігі, әскерге шақырту алғандар географиялық тұрғыдан бөлінді. Яғни, оңтүстіктен келген жігіттер әскери бөлімшеде шығыстан келген сарбаздармен байланыс жасамайды. Қыркүйек айында алматылық 38-ші десанттық шабуылдау бригадасы бітімгершілік жаттығуды жоспарлап отыр. Олар 31 шілде күні Ливанға аттанады.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы