419,48 505.95 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтаулық кәсіпкерлер қала жағажайларын ашуды сұрайды

  • 370
  • UPD: 20:46, 29.07.2020

Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы. Жағажай маңынан кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетіп келген ақтаулық кәсіпкерлер табыстан қағылғанын айтып, қаладағы жағажайларды қайта ашуды сұрайды, хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда 19 шілдеден 3 тамызға дейін теңіз жағасына баруға тыйым салынған.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Жүзден астам бизнесменнің қолы қойылған қағазды облыс әкімдігіне әкелгендердің арасында Әйгерім Кенжебаева да жүр. Ол қала сыртындағы демалыс орындарының бірін басқарады. Айтуынша, маусымдық кәсібі өзінен басқа тағы 30 адам үшін табыс көзі. 19 шілдеден бері барлығы да жұмыссыз қалған.

Әйгерім Кенжебаева, жеке кәсіпкер:

Тегін жағажайға баруға да, суға түсуге де болмайды. Ал, ақылы демалыс орындары еш кедергісіз кісі қабылдап жатыр. Ол жердегі балмұздақ, тамақ сатылатын дүңгіршектер алдындағы кезектің шеті жоқ. Бірақ оған назар аударып отырған құзырлы мекеме байқалмайды. Біз де жеке кәсіпкерміз, жұмысымызды ашық ауада санитарлық талаптарды қатаң сақтай отыра жұмыс істейміз. Бірақ бізге рұқсат жоқ. Несиеміз бар, қалай төлерімді білмей басым қатты.

Георгий Суджаев, жеке кәсіпкер:

- Бізге де жұмыс жасап, отбасымызды асырауға мүмкіндік беруді сұрап, әкімдікке келіп тұрмыз. Неге кейбір жағажайлар иелері емін-еркін табысын тауып жатыр? Сонда біздерден олардың несі артық?!

Талғат Исламұлы, тілші:

- Жекеменшік жағажайдағы мына көрініс әлеуметтік желі қолданушылардың наразылығын тудырды. Қала тұрғыны жағалаудың бостығын, керісінше, адамға лық толы ақылы демалыс орнын смартфонға түсіріп салған еді. Әлгі жерге құзырлы органдар барып, тексеру жүргізді. Карантин талаптары сақталмауын көріп, жекеменшік жағажай басшысын 300 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеді.

Кәсіпкерлерге бүгін аймақ әкімімен де, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерімен де кездесудің сәті түспеді. Соңғысы 20 шілде күні толықтырулар мен өзгертулер енгізген қаулыға бизнес-орта өкілдері наразы. Құзырлы орган өкілінен осы жағдайдың енді қалай шешілерін сұрадық.

Сәкен Мелдебаев, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін басқарудың бөлім басшысы:

3 тамыздан бастап карантин режимі жеңілдетіледі. Қазір қоғамдық тамақтану орындарына белгіленген уақытқа жұмыс жасауға рұқсат беруді қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ жағажайдағы демалыс орындары да санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып ашылады. Дәмхана, асханаларда адамдардың арақашықты сақтауы маңызды. Осы және де өзге талаптардың бұзылмауын арнайы мониторингтік топтар бақылап жүр.

Келер дүйсенбіден бастап аймақта карантин тәртібін біртіндеп босаңсыту шаралары қолға алынады. Яғни, наразылық акциясына қатысқан кәсіпкерлерге бірнеше күн күтуге тура келеді. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы