426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысындағы қызғылт көл қорғауға алынады

  • 328
  • UPD: 21:45, 29.07.2020

Ертіс өңірінде 200-ден астам су айдыны бар, хабарлайды «Хабар 24».

Тұщысы да ащысы да жетіп артылады. Соңғы уақытта халық әсіресе, қызғылт түсті тұзды көлдерге баруға әуес. Бірақ туристердің экологиялық мәдениеті төмен. Сол өкінішті.

Енді жергілікті экологтар Павлодар облысының қызғылт көлдері Көбейтұздың күйін кешпесе екен деп алаңдаулы.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Николай Киселёв қызғыл түсті көлдің барын ғаламтордан білген. Бірегей тұзды көлдің әсемдігіне қызығып, отбасымен келген.

Николай Киселёв, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Қоршаған ортаны аялауды бала кезден үйренгенбіз. Балаларыма бірегей көлді көрсеткім келді. Жалаң аяқ жүгіріп, мәз болып жатыр. Артымыздан қоқыс қалдырмаймыз. Жинап кетеміз.

Коряковка көлі облыс орталығынан 17 шақырымдық жерде орналасқан. Су айдынында тіршілік ететін микроағзалардың арқасында тұзды көл қызғылт түске ие. Келушілердің көбі осы түске қызығып келеді. Мамандардың есебінше, демалыс күндері тынығатын адамдардың қарасы көп. Күніне кем дегенде 50 жеңіл көлікті байқауға болады. Жұмыс күндері де адамнан арылмайды. Бірегей көл Көбейтұздың күйін кешпес үшін экологтар үндеу жариялады. Сұлулығы көз тартар көлді қамқорлыққа алады.

Ілияс Құрамысов, облыстық экология департаментінің басшысы:

- Бұл көлде Ақмола облысындағы Көбейтұз көліндегі жағдай қалыптасуы мүмкін. Көл айналасы қоқыс пен ластанып, оның табиғи тұзын рұқсатсыз шығару қаупі бар. Сондықтан облыс тұрғындары мен қонақтарына табиғатқа және табиғи көрікті жерлерге ұқыптылықпен қарауға шақырамыз. Тек қана біздің бірлескен іс-әрекетіміз бен экологиялық жанашырлығымыз табиғи байлығымызды сақтауға мүмкіншілік береді.

Тарихқа көз жүгіртсек, Коряковка көлінде тұз шаруашылығы XVIII ғасырдың соңынан дамып келеді. Бұл көл Сібір өңірлерін техникалық тұзбен қамтып отырған. Бірақ соңғы 50 жылда қазба жұмыстары тоқтап қалған. Себебі, қор таусылды. Соңғы жылдары барлау жұмыстары қайта жүргізілді. Инвестор да табылды.

Қадылжан Сәтиев, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы:

- Жеке инвестор қаржы құйып, жоба әзірледі. Техникалық тұзды өндіру үшін өнім қоры жеткілікті. Алдағы уақытта қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, жергілікті тұрғындармен кездесеміз. Көлге ғылыми тұрғыдан баға беру мақсатындағы кешенді жұмыстар да қолға алынады.

Көлдегі техникалық тұздың қоры 1 млн 600 тоннаны құрап отыр. Яғни, қазба жұмыстарын өндірістік деңгейде дамытуға негіз болмақ. Бұл болашақтың еншісінде. Бүгінгі мақсат – көлді қорғау және тазалығын сақтау. Осы мақсатта су айдыны бақылауға алынбақ. Демалыс күндері экологиялық патруль мен полиция қызметкерлері тиісті шараларды қолға алмақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы