426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында бруцеллез салдарынан екі ауылда шектеу енгізілді

  • 325
  • UPD: 21:50, 29.07.2020

Ақтөбе облысында бруцеллезге шалдыққан ірі қараның саны мыңнан асып кетті, хабарлайды «Хабар 24».

Бұл төрт түліктің арқасында күнелтіп отырған ауыл тұрғындары үшін қиынға соғып тұр. Ел-жұрт енді малын аяқ астынан етке өткізуге мәжбүр. Хромтау ауданына қарасты Тасөткел ауылдық округінің өзінде 140-қа жуық сиырдан ауру анықталған. Осыған орай екі елді мекенде шектеу шаралары енгізілді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Ғалия Есентүгелова тоғыз бас ірі қарасынан айрылғанына әлі де сенбейді. Үш сауынды сиыр мен алты торпақтан қан алған ветеринар мамандар кейін бәрінің де бруцеллезге шалдыққанын айтқан. Көп ұзамай ауру белгісі табылған ауылдың өзге малдарымен бірге жүк көлігіне тиеліп, сойылуға жөнелтілген. Бұл жағдай тек отағасы ғана жұмыс істейтін көп балалы отбасы үшін ауыр тиді.

Ғалия Есентүгелова, ауыл тұрғыны:

- Біреуіне көмір алам дедім, біреуін соғымға, енді бірін күздікке соямыз дедік. Сосын біреуін қыркүйекте сабақ болады. соған жұмсайын дедім. Мен өзім қатты қиналдым. Үш күн тамақ ішкенім жоқ. Өйткені балаларыммен бақтым ғой малды. Маңдай теріміз ғой, былай айтқанда.

Ірі қара арасында бруцеллез дендеген ауылдағы жағдай мәз емес. Елді мекендегі 21 үйдің 137 бас малынан дерт анықталған. Бұл – мың жарымнан аса сиырдан алынған сынаманың нәтижесі. Бүгінде ауру табылған түліктің басым бөлігі жойылыпты. Тұрғындар ветеринарларды көрсе қорқатын күйге жеткен. «Қолымыздағы қалған жандықтан да айырыламыз ба?», - деп шошиды. Ал, жойылған мал үшін өтемақының басым бөлігі ет өңдеу кәсіпорны есебінен беріледі.

Қамбике Бабанова, ауыл тұрғыны:

- Осы тұрғанда сауынсыз қалдық. Ауылымызда газ жоқ, білесіз. 5 тонна көмірімізді аламыз 100 мыңға. Малымыз да, балаларымыздың азын-аулақ киімі де, бәрі осыдан ғой енді. Ауылда жұмыс істегенмен, 40 мың айлыққа кім қалай күн көреді?

Талас Жұмабаев, ауыл тұрғыны:

- Қан алды. 15-і күні результаты келді. Сегіз сауынды сиыр, екі бойдақ мал кетті. Қайтып келетін мал жоқ қой орнына. Алдында наурызда бір басымнан шықты. Онда алдым, 54 500 теңге деді берген жәрдемі. Енді мына жолы беретін шығар.

Ауылдағы малға аурудың қайдан жұққаны әзірге белгісіз. Мамандардың айтуынша, өзге аудан немесе өңірден қосылған ірі қарадан жұғуы әбден мүмкін. Тұрғындар «сырттан келген төрт түлікті уақытылы есепке қойып, тексертуге аса құлықты емес», дейді. Ал, қазіргі жағдайға орай округ әкімінің шешімімен үш ауылдың екеуіне мал кіргізу немесе шығаруға тыйым салынған. Әрі ауылдың сиырларын тексеру әлі де жалғаса бермек.

Біржан Әлиев, Хромтау аудандық ветеринарлық станция директоры:

- Әр 15-20 күн сайын қан сынамасы алынып, ол ветеринарлық зертханаға тапсырылып және оң нәтиже көрсетілген малдарды сою пункттеріне апарылып сойылып, осылай тазартылады. Және сол бруцеллез ауруы анықталған аулаларда зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бруцеллез індеті соңғы 2 жылда өршіп тұр. Былтыр ауруға шалдыққан мал басы 2 есе аз болған. Қазір халық бұл мәселенің тезірек шешілуін сұрап отыр. Әрі тәуелсіз зерттеу станция қызметкерлерінің де көмегіне жүгінбек ойда.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы