423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да 5000-ға жуық адам коронавирустан сауығып шықты

  • 246
  • UPD: 22:27, 29.07.2020
БҚО-да 5000-ға жуық адам коронавирустан сауығып шықты

Батыс Қазақстан облысында вирус жұқтырған 4800-ден аса науқас дертінен айықты, хабарлайды «Хабар 24».

Солардың бірі – Сәуле Зағидоллина. Ол сырқатынан толық сауығу үшін тыныс алу гимнастикасымен шұғылданып жүр.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

-«Сырқатымнан толық сауыққаныммен, әлі де әлсіздік байқалады»,- дейді Сәуле. Үш аптадай аурухана төсегіне таңылған ол бүгін алғаш рет емдеу мекемесінен шығып, таза ауамен демалуға мүмкіндік алып отыр. Ол да бастапқыда үйде емделіп көрген. Бірақ жағдайы нашарлай берген соң жедел жәрдеммен провизорлық стационарға жеткізіледі. COVID-19 анықталғаннан кейін қалалық ауруханаға ауыстырылған. «Қызуым қатты көтеріліп, тұтас денем сынып ауырды. Қан қысымым да жоғарылады. Ауа жетпеген күндерді ойлағым да келмейді», - дейді ол.

Сәуле Зағидолина, қала тұрғыны:

- Әуелі мені облыстық провизорлық орталықтың жаңа корпусына әкелді. Сол күні-ақ менімен бірге бірден 86 науқас түсті. Ал, ол корпус 150 адамға есептелген. Емдеуші персонал да жаңа ғана жасақталып жатқан кез. Менің жанымда өкпесінің 70%-і зақымданған әйел адам оттегінің көмегімен тыныстап жатты. Ал, өзімде 20% қана болған, бәріне шыдау керегін түсіндім.

Зульфия Жолдыбаева – қауіпті аймақта еңбек етіп жүрген ақ халаттылардың бірі. Бірінші ауысымда жұмыс істеп жүрген кезінде өзі де осы дертті жұқтырып алған. Кейін жазылған соң екінші ауысымда жұмысын қайта жалғастыруға бел буыпты. «Індеттің бар ауыртпалығын өзім де өткерген соң болар, науқастарды жақсы түсінемін. Ал, отбасымды көрмегелі бір айдан асты», - дейді дәрігер.

Зульфия Жолдыбаева, қалалық көп бейінді ауруханасының бөлімше меңгерушісі:

- Біздің жұмыс режимі аптаның 7 күні 24 сағат бойы үздіксіз жалғасады. Әр 14 күн сайын біз бір-бірімізді алмастырамыз. Ауруын асқындырып алған науқастар да көп түседі. Сондықтан бізге вируспен емес, оның салдарымен күресуге тура келетін жайттар аз емес. Тыныс алу жетіспеушілігін жойып, сырқаттарды пневмонияға шалдыққан сырқаттарды емдейміз.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Жергілікті дәрігерлерге жуырда ғана ақтөбелік мамандар көмекке келді. Аурумен күресуге ресейлік ақ халаттылар да өз үлесін қосып жатыр. «Тұрғындардың санитарлық талаптарға салдыр-салақ қарап, қалыптасқан жағдайды жете түсінбейтіні қынжылтады. Ауруханаға түсетіндердің дені той-томалаққа немесе жерлеу рәсімдеріне қатысқан болып шығады», - дейді дәрігерлер. Қалалық көп бейінді ауруханасының жұқпалы ауруларға арналған стационарында қазір 300-дей науқас емделіп жатыр. Олардың алтауы жансақтау бөлімінде. Жалпы аймақта 4800 адам қатерлі індеттен жазылып шыққан.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

 

Хабар 24 телеарнасы