425,99 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Волонтерлер: Қазақстанда үй жануарларын қорғау туралы заң қажет

  • 204
  • UPD: 00:16, 30.07.2020
Волонтерлер: Қазақстанда үй жануарларын қорғау туралы заң қажет

Ақтауда бұралқы ит-мысықтармен қатар үй хайуандарын да улап өлтіру жағдайлары жиілеп барады, хабарлайды «Хабар 24».

Төрт аяқты серігінен айырылғандар Қазақстанда үй жануарларын қорғау туралы заңның жоқтығына күйінеді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Светлана есімді қала тұрғыны жуырда такса тұқымдас итінен айырылып қалды. Подъезд маңын иіскелеп жүрген үй хайуаны кенеттен құлап қалған. Бірнеше күн азапқа түскен төрт аяқты серігін ветеринар-дәрігер құтқара алмаған. Бірнеше күн өтпей жатып үй жанынан өлген мысықтар табылыпты. Көршісі бағып отырған ит те көз жұмған. Сезіктенген тұрғындар ауладағы бейнебақылау камерасына жазылған таспаны қарап шықты.

Светлана Шальнова, қала тұрғыны:

- Бейнетаспаны көрген соң прокуратураға хабарластым. Кадрдан көше мысықтарына бөтелкеден бір нәрсені шашып жатқан ер адамды көрдік. Учаскелік полиция инспекторы оны шақырып, түсініктеме алды. Бір түсінгеніміз, әлгі адам ветеринария стациясында жасайды екен.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Ақтау қалалық ветеринария станциясына хабарластық. Мекеме басшысы Самат Нәбиев бейнебақылау камерасына түсіп қалған адамның сол жерде жұмыс істейтінін растады. Оған сөгіс те беріпті. Айтуынша, станция қызметкерлері бұралқы ит-мысықты тек атумен ғана шұғылданады.

Самат Нәбиев, «Ақтау қалалық ветеринария станциясы» КММ басшысы:

- Өзі 50 мың теңге айлық алады, осы жерде зорға жүр. Волонтер дейтіндер бар, бізге ит-мысықты аулауға қарсы адамдар. Барлық уақытта біздің ит атушылар суретке түсіріп, шығарып жатады. Бізге хат келді, ішкі істер басқармасынан. «Сіздің құзыретіңізде болғасын тексеріп, шешім қабылдаңыз» деген хат. Алдағы уақытта мұндай жағдайға бармауы үшін ол кісінің түсініктемесін алдым. Қаңғыбас иттерді аулау біздің күнделікті жұмысымыз.

Үйде ит-мысық бағып отырған ақтаулықтарға волонтер Лилия Алтухованың есімі жақсы таныс. Ол алты жылдан бері жануарлар әлемін қорғаумен айналысып жүр. «Бұрын бұралқы жануарларға қатысты мәселе көтерілсе, оған қызығушылық танытар адам аз болатын. «Әлеуметтік желілерде жедел ақпарат алмасудың арқасында қатарымыз көбейіп келеді. Елімізде тиісті заң жобасы қабылданса, қаңғыбас хайуандар қамқорлыққа алынар еді», - дейді ол.

Лилия Алтухова, волонтер:

- Өзге аймақтарда кейбір адамдар итті қылғындырып, жағалауда итбалықты ұрып жатса, Ақтауда бұралқы ит-мысықты улап жүргендер бейнекамераға түсіп қалып жатыр. Дәйекті деректер қатыгезді жазалауға мүмкіндік береді. Ойлаудың өзі қорқынышты. Аулада балалар ойнайды. Олардың өміріне қауіп төніп тұр. Заң жүзінде қаңғыбас хайуандарды улауға рұқсат жоқ, тек атуға болады.

Ақтауда көше кезіп жүрген ит-мысықты ұстап, бағуға болатын арнайы орын жоқ. Қашан ашылары да белгісіз. Әзірге бұралқы хайуандар шағын аудан аралап, қоқысқа тасталған қалдықтармен күнелтіп жүр. Олардан мезі болған тұрғындар улаумен айналысатын әлгі адамды шақырған болуы да мүмкін. Не десек те, итінен айырылған қала тұрғыны істің ақырын сотқа жеткізбекші.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы