423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыр өңірінде әлеуметтік маңызды нысандар жөнделуде

  • 290
  • UPD: 18:47, 31.07.2020

Сыр өңіріндегі Сырдария, Жалағаш аудандарында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында құрылыс қарқын алды, хабарлайды «Хабар 24».

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы осы аудандарға барып, қомақты қаржының қаншалықты мақсатты игеріліп жатқанын көрді.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Жалағаш ауданында 18 жоба жүзеге асып жатыр. Жаңадан 539 жұмыс орны ашылған. Мақпалкөл ауылдық округіндегі мектеп те айтулы бағдарлама аясында күрделі жөнделуде. Іргетасы 35 жыл бұрын қаланған ғимаратта 350 оқушы білім алады.

Райкүл Ілияс, мектеп директоры:

- Күрделі жөндеуден өтеді. Оның ішінде мектептің іші-сырты және айнала қоршау, жарықтандыру, айналасын асфальттау, барлығы қарастырылған.

Парламент Сенатының депутаты егін шаруашылығының да жағдайымен танысты. Күрішшілер тіршілік нәрінің тапшылығын болдырмау үшін суды үнемдеп пайдалану технологияларын қолдана бастаған. Мұрат Бақтиярұлы жаңадан салынып жатқан аурухана құрылысын көріп, аудандағы эпидахуалды да зерделеді.

Аманкүл Маханбетова, аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

- Қазіргі таңда санитарлық эпидемиологиялық ахуал шамалы тұрақталып келе жатыр. Карантин енгізілгеннен кейін науқастардың саны азайып, амбулаториялық емханаларда да емделушілердің саны азайып келе жатыр.

Сенатордың сапары Сырдария ауданында жалғасып, әлеуметтік-мәдени, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын аралады, құрылыс барысын саралады.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Осы қаржыны бөлген кезде «Жол картасының» дұрыс бөлінгенін және осы жергілікті өңірлерге қажет екендігін мен өзім Парламент мүшесі ретінде көзбен көрдім. Жалпы халықтың жұмыспен қамтылуы өз дәрежесінде деп айтуға болады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы