421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Суреті Алматы көшелерінде қаптаған бейтаныс «маскалы қыздың» құпиясы ашылды

  • 1644
  • UPD: 12:35, 30.07.2020

Алматыдағы көптеген жарнама билбордтарында маска таққан қыздың суреті ілінгеніне біраз уақыт болды. Карантин талаптарын сақтауға шақырған жарнама кейіпкерінің танымал болғаны соншалық, қала тұрғындары оның кім екені туралы өз болжамдарын айта бастады. Бірі оны дәрігер десе, бірі шетелдік сән жұлдызына ұқсатты. Расында тақтайшадағы қыз кім?

Алматыда 1400-ге жуық билборд бар. Соның жартысынан көбінде бетперде таққан қыз бейнеленген. Бұған дейін әлеуметтік жарнамалар дәл осындай көп көлемде болмаған. Пандемия уақытында сыртқы жарнамаға сұраныс төмендегендіктен, бос тақталар «маскалы қызға» бұйырыпты. 

Батырхан Сүлейменов, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының орынбасары:

- Төтенше жағдай уақытында 722 билбордқа дәл осы әлеуметтік жарнаманы қоюды өтіндік. Қала қазынасынан бұл үшін ешқандай қаражат жұмсалған жоқ. Оны басып шығару, ілуді жарнама құрылымдарының иелері жүзеге асырды.  

«Бетперделі қызбен» күн сайын бетпе-бет келетініміз рас: қоғамдық көлікте де, аялдамалар мен ғимаратқа кіреберісте де сол бейне. Жарнама кейіпкерінің алматылықтардың назарын аудартқаны соншалық, оның кім екеніне бас қатыра бастады. Бір қарағанда қазақ қызы сияқты. Ал шын мәнінде ол филиппиндік екен. Дайын сурет интернет желісінен алынған. 

БЛИЦ:

- Басында ойладым қазақтың қызы ма деп, содан кейін интернеттен оқыдым басқа елдің адамы, жәй интернеттен алып қоя салған екен.

- Оның түріне қарасаң қазаққа ұқсайды. Мен оны филиппин деп ойламадым.

- Мұндай жерге қазақтың өзіміздің істеп жүрген медсестра, врач біреулерді қою керек еді.

Жарнамаға тапсырыс берушілердің айтуынша, олардың әрекеті заңға сәйкес. Фотосурет ашық интернет желісінен алынған. Ең бастысы – бағыты дұрыс: барлық жерде бетперде тағу керек.

Батырхан Сүлейменов, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының орынбасары:

- Кімнің фотосы жарияланғаны маңызды емес. Ол қазақ па, филиппиндік пе бәрібір. Бетперде тағу әлемдік бастама. Барлық елде билік маска тағуға шақыруда. Сондықтан ешкімнің құқық бұздық деп ойламаймын. 

Қала тұрғындары билбордтарға алматылық дәрігерлер, медбикелер мен волонтерлердің фотосуреттерін қоюды ұсынды. Тіпті өздері де әлеуметтік жарнамаға ақысыз түсуге дайын.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы