Елде жыл басынан бері 39 браконьерлік дерек анықталды. Жан-жануарды аяусыз қырып салғандар ұсталып, олардан 1571 ақбөкен мүйізі мен 513 киіктің тұтас еті тәркіленді.
Былтыр осы кезеңде ел бойынша браконьерліктің 25 фактісі тіркелген еді. Яғни биыл аң-жануарды заңсыз атқандар көбейген. Мұны экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады. Үш мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке, 12 браконьер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл ретте жалпы айыппұл сомасы – 44 миллион теңге ал, залал сомасы 1 миллиард 600 миллион теңге болды.