426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында 46 лауазымды тұлға жемқорлық бойынша жауапқа тартылды

  • 248
  • UPD: 16:48, 30.07.2020

457 миллион теңге. Қостанай облысында парақорлар осындай сомада мемлекетке шығын келтірген. Қаражаттың 88 проценті қазынаға қайтарылды. Өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жарты жылдағы жұмысын қорытындылады. Биыл коррупциялық қылмыстардың алдын алуға басымдық берілді. Департамент мамандары жемқорлық тәуекелдерінің сыртқы талдауларын жасап, жобалық кеңселер, арнайы бақылау топтарымен ауқымды жұмыс атқарған.

Білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және құрылыс. Өкінішке қарай, осы салаларда сыбайлас жемқорлық қауіпті деңгейге жетіп отыр. Жыл басынан бері 86 қылмыс тіркелген. 

Қуаныш Бекбасов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің департамент басшысы:

- Бір аса ауыр қылмыс облыстық білім басқармасында тіркелді. Қаржы бөлімі басшысының орынбасары 30 миллион теңге пара беріп арандатушылық жасамақ болған. Аталған іс сотқа жіберілді. Жалпы түрлі мемлекеттік органдарда басшылық қызмет атқарып, қылмыстық жауапқа тартылған тұлғалар жетерлік.  

Мемлекеттік сатып алу саласы да басты назарда. Бұл бағытта «Қостанай – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мониторинг жүргізеді. Соның нәтижесінде бюджеттік 115 млн теңге үнемделді. Ал арнайы мониторингтік топ карантин уақытында дәріханалардағы бағаларды тексеріп, сырттан келген гуманитарлық көмектердің дұрыс бөлініп, таратылуын бақылады.

Динара Өтебаева, арнайы мониторингтік топтың  басшысы:

- Осы уақытқа дейін 182 дәріхананы тексердік. Дәрі-дәрмекті негізсіз қымбаттатудың 22 фактісін анықтадық. Бізге тұрғындардан күнделікті осы мәселеге қатысты колл-орталыққа қоңыраулар түседі. Оларға тиісті кеңестер беріледі. Фармацевтика қызметімен заңсыз айналысқандар да жазасыз қалмайды.

Осы күнге дейін жемқорлық тәуекелдерінің сыртқы 6 талдауы жасалып, 114 түрлі коррупциялық тәуекелдер тіркелді. Бұлар негізінен экология, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастарына жауапты мекемелер.            

Қуаныш Бекбасов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің департамент басшысы:

- Негізінен жүргізілген талдау бұл саланың әрбір бағыты іс жүзінде жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұштасқанын көрсетеді. Бұл саладағы қылмыстар мемлекеттік апараттың имиджіне теріс әсер етеді. Осы орайда біз коррупцияға қарсы заң жобасы тұжырымдамасын әзірледік. Ол Агенттіктің сайтында жарияланған. 

Жемқорлық фактісі туралы хабарлаған 7 облыс тұрғыны сыйақыға ие болғаны айтылды. Оларға жарты миллион теңге төленді. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы