424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жиырма жыл бұрын америкалық отбасы асырап алған қазақ баласы туған ата-анасын іздейді

  • 1073
  • UPD: 18:09, 30.07.2020

«Ата-анам жайлы шындықты білгім келеді». Жиырма жыл бұрын америкалық отбасы асырап алған Пол есімді қазақтың баласы туған әке-шешесін іздейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол 1999 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Құжаттарында өмірге әкелген анасының есімі Эльмира Қалмаханбетқызы, ал әкесі Бекнұр Баймаханов деп көрсетілген. Түп-тамырын іздеген жеткіншек арнамызға берген сұхбатында өзінің тағдыры жайлы баяндап берген. 

Бақыт Топтаева, тілші:

– Туғанда Сардар деп аталған баланың есімін ерлі-зайыпты Сьюзан және Брюс Бэбоктар өзгертпеуді жөн көреді. Тек оған қосымша Пол есімін жалғайды. Осылайша, Пол-Сардар Юта Штатының Солт Лэйк Сити қаласында өсіп, ер жетеді. Дегенмен өзінің кіндік қаны тамған туған жері Қазақстан екенін жақсы біледі. Қалғанын өз аузынан естісек.

Пол Сардар Бэбок, америкалық отбасы асырап алған бала:

– Негізі отбасым туралы айтсам, тіпті қызық. Мен үлкен отбасыда өсіп, жетілдім. Америкалық ата-анам бес бірдей баланы асырап алған. Ол кезде өздерінің де бес баласы бар еді. Сөйтіп, үйде 10 бала боп өстік. Бесеуімізді асырап алғанын бәрі біледі. Айта кетерлігі, менен басқа екі әпкем бар, олар да Қазақстаннан. Білесіз бе, асыранды бала болған соң, кей мәселе көкейіңнен кетпейді екен. Қандай жерде тудым, мені дүниеге әкелген кім? Оңашада кейде осы сұрақтар ойыма келе береді. Бірде фэйсбукте Қазақстаннан асырап алған бір баланың туған ата-анасын тапқанын жайлы пост оқыдым. Осы жуырда ғана болған оқиға. Сөйтіп, мен де неге өз ата-анамды таппасқа деген ойға келдім.

Осы оймен Пол-Сардар туған аға-әпкелерімен қауышқан Талғатқа хабарласады. Соның кеңесімен фэйсбуктегі Қазақстан-Америка қауымдастығының парақшасына құжат бойынша ата-анасының есімін жазып, хабарландыру қалдырады.

Пол Сардар Бэбок, америкалық отбасы асырап алған бала:

– Оңайға түспейтіні белгілі ғой. Түрлі сезім бойымды билеуі мүмкін. Қазірдің өзінде ойласам, бойымды біртүрлі үрей билеп, толқып кетемін. Бір жағынан оларды тапсам, бұл да өмірімдегі маңызды сәт деп білер едім. Өзімді оларға таныстырып, оларды да жақынырақ танысам, тамаша болушы еді. Өзімнің қалай өскенім жайлы айтқым келеді, олардың өмірі туралы көбірек білгім келеді. Оларды айыптаудан аулақпын.    

Бақыт топтаева, тілші:

– Айта кетейік, соңғы отыз жыл ішінде шамамен тоғыз мыңнан астам қазақстандық бала шетел асқан. Сардар сияқты алты мыңнан астам бүлдіршінді АҚШ азаматтары асырап алды. Дегенмен заманауи технологиялар алыстан хабар алғызып, құрлықтар арасын жалғап тұр. Сол арқылы шекара асқан кей қаракөздеріміз туған-туысын іздейді. Тек бір уақыттарда бауыр еті баласынан безіп, тастанды еткен ата-ананың тас жүрегі жібісе игі.

Хабар 24 телеарнасы