433,55 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Зорлық көрген балаларға оңалту орталықтары қажет – психолог

  • 440
  • UPD: 22:49, 30.07.2020

Елімізде зорлық-зомбылық көрген балалар үшін арнайы оңалту орталықтарын құру қажет. Мұндай бастаманы қоғамдық ұйым өкілдері көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі жыл басынан бері тіркелген педофилия деректері былтырға қарағанда 8 процентке көп. Балалар құқығын қорғаушылар мемлекет тарапынан бұл мәселеге жан-жақты көңіл бөлу керектігін айтады.

Қазақстанда балаларға қарсы зорлық-зомбылық, оның ішінде педофилия деректері 8 процентке көбейген. Жыл басынан бергі 6 айда кәмелетке толмағандарға қатысты 503 қылмыс тіркелді және бұл тек анықталғаны ғана. Педофилдердің әрекеті әшкере болмай, ақыры жазасыз жүргендері қаншама?! Бұған көбіне құқық қорғау органдары тарапынан жіберілген қателік немесе психологиялық көмектің әлсіздігі себеп дейді мамандар.

Халида Әжіғұлова, құқықтанушы:

– Ұлыбританияда бір әйел өзіне қарсы 20 жыл бұрын зорлық-зомбылық жасалғанын айтып, сотқа шағымданды. Оны жақын туысының 6 жасынан 16 жасына дейін сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттерге итермелегені анықталды. Бірақ оған бастапқыда ешкім сенбейді. Тіпті өз ата-анасы да. Кәмелет жасына толғаннан кейін де қылмыс әшкереленбейді. Тек араға 20 жыл салып, әділдік орнайды. Сот педофилге қатаң жаза қолданып, жәбірленушіге қосымша материалдық және моральдік шығын өндіріп береді.

Статистикаға сүйенсек, біздің елдегі педофилдер 20 процент жағдайда құрбандарын айналасынан іздейді. Жәбірленуші көбіне олардың өгей қызы, қарындасы немесе көршісі болып келеді. Мұндай мәліметті «Немолчи.kz» қоғамдық бірлестігі ұсынып отыр. Мәселен, жыл басынан бері тіркелген 503 қылмыстың қырығында педофил өгей әке немесе анасымен азаматтық некедегі ер адам екені анықталған.

Дина Смаилова, «Немолчи.kz» қоғамдық қорының басшысы:

– Бұрын бізде балалар үшін 111 сенім телефоны болды. Оған ай сайын 5-6 мыңдай қоңырау түсетін. Ал қазір балалар өздеріне қарсы қылмыс жасалса, қайда хабарласап, көмек сұрарын білмейді. Бұл үлкен қателік болды деп ойлаймын. Бала белгілі бір сенім телефонына хабарласуы керек.

Қасқөйден зардап шеккен балалар психологиялық көмекке мұқтаж. Мәселен, кей дамыған елдерде жеткіншекке арнайы қайта қалпына келтіру курсы тағайындалады.

Гүлзат Асанова, психологтар қауымдастығының төрағасы:

– Зорлық-зомбылық көрген баланың қайта қалпына келуі қиын жағдай. Олардың көбіне өз-өздеріне деген сенімділігі азайып, кез келген сәтте тартыншақ болып қалады. Мұндайда бізде тек жеке психологтар көмек көрсете алады. Арнайы қалпына келтіру орталығы немесе жүйелі жұмыс жоқ. Дәл осындай балаларды қиын жағдайдан алып шығу үшін жоғары біліктілік қажет.

Осылайша, мәселе тек ата-аналарда ғана емес, жүйелік жұмыстың жоқтығында дейді сала өкілдері. Дегенмен бауыр еті баласының болашағына ешкім бей-жай қарамауы тиіс. Психологтар жеткіншек кезден бастап сексуалдық сипатта ақыл-кеңес берудің артықтық етпейтінін айтады.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы