426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысындағы Тасөткел тұрғындары ұзаққа созылған жол құрылысына наразы

  • 242
  • UPD: 23:18, 30.07.2020

Бұл ұзақ жылдан бері Ақтөбе облысындағы Тасөткел елді мекен тұрғындарын мазалап жүрген сауал, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салынғанына жарты ғасыр болған жолға жөндеу басталса да, оның құрылысы ауыл халқының көңілінен шықпай отыр. Себебі былтыр қолға алынған жұмыс өте баяу жүріп жатқанын айтады.

Хромтау ауданына қарасты Тасөткел ауылы республикалық маңыздағы Самара-Шымкент тас жолынан 34 шақырым қашықтықта орналасқан. Төрт түлігін тең өргізген ауыл тұрғындарының басым бөлігі әлеуметтік нысандар мен теміржол желісінде жұмыс істейді. Алайда ауылға тартылған жолдың әбден тозғаны қиындық туғызып отыр. Тіпті басталған жөндеу ісі да мардымсыз жүріп жатыр дейді.

БЛИЦ:

– Мына жолды дұрыс істемей жатыр. Былтыр келді де асфальтты құйды, екі жағынан төрт метрден қалды. Биыл да дұрыс жүріп жатқан жоқ. Әлі Қызылжарға жеткен жоқ. Тек екі жағына тас төселіп жатыр.

– Жолда талай ақыретті көрдік. Баламен де қыстай жолда қалдық. Сағат 11-де тұрғаннан кешкі жетіге дейін тұрдық. Сол үшін ауылымыздың жолы тезірек бітсе дейміз.

– Биыл да сол Ақтасты деген жерге жетпей, Қызылжар деген жерден бітеді. Көктемде қиын. Қыста қар ұстайды.

Ауылға апаратын негізгі жол өткен ғасырдың 60 жылдары салынған. Содан бері еш жөндеу көрмепті. Ал былтыр басталған орташа жаңғырту жұмыстары баяу жүріп жатқанға ұқсайды. Өткен жылы 3 шақырымнан астамы қалыпқа келтірілсе, ал биыл 10 шақырымын жасау қолға алынған. Жалпылай алғанда, елді мекенге тартылған жолдың жартысы да жөнделмепті. Ал тұрғындар тезірек бітуін тілеп отыр. Себебі қара күзде қатынас тағы қиындайтынын айтады. Бірақ аудан әкімдігінің өкілдері жалпы құны 900 млн теңгеден астатын жобаны іске асыру биыл бітпейтінін айтады.

Арман Сарбаев, Хромтау аудандық түкш жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м.а.

– Биылға қаражат бөлініп тұр. Сол бөлінген қаражатқа жоспар бойынша 13 км асфальт жамылғысы төселеді деп жоспарланып отыр. Жобаның мерзімі негізі үш жылға арналған. Қазіргі 2020 жыл – екінші жыл және қалған қаражаттың бөлінуіне байланысты 2021 жылға қалып отыр.

Мамандардың айтуынша, жөндеу басталған жол тиісті талапқа сай салынып, бетіне асфальт жамылғысы төселеді. Бұдан өзге, көп ұзамай ауылға газ бен ұялы байланыс желісі де тартылатынын айтып сендіруде. Алдымен көгілдір отын жетпекші.

Аманғос Сасырауов, Тасөткел ауылдық округінің әкімі:

– Жобалық құжаты бар. Тендер өтіп, келісімшарты анықталған. Ұялы байланыс мәселесі бойынша құжаттары әзірленіп, Алматыдан күтіп отырмыз. Қыркүйектің аяғында қондырылады.

Мұндай жаңалыққа тұрғындар риза. Бірақ берілген уәде уақытылы орындалса да деген тілегі бар.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы