423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда іргесіндегі Жамбыл ауылының тұрғындары жандарын шүберекке түйіп отыр

  • 308
  • UPD: 23:20, 30.07.2020

Күн суытып, індет қайта өршитін болса, қынадай қырылып қаламыз ба деп қорқады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені, ауылда емдеу мекемесі атымен жоқ. Бір ғана дәрігер қызмет қылады. Оның өзі жақында зейнетке шығып кеткен екен. Бұқара дәрі-дәрмек алу үшін 80 шақырым жердегі қалаға қатынауға мәжбүр. Жедел жәрдем шақыртса, жете алмайды. Өйткені көлік жүретін жолы жоқ.

Жамбыл облысы анадайдан ағараңдап көрініп тұр. Астраханға баратын жолдан кілт бұрылып, осы бағытты бетке аласың. Біраз жерге дейін асфальт төселген. Бірақ шамалы жүргесін, қотыр жолға тап болдық. Ойдым-ойдым жердің жөнделмегені қашан?! Бұл мәселе жұрттың шымбайына әбден батқан екен.

Шұқыр жолмен қалбалақтап жүріп әрең жеттік. Қайта жауын жоқ. Әйтпесе, бұл маң иіген қамырдай иленіп жатар ма еді. Жеткен бойда, тұрғындарды сөзге тарттық. Іштегі шері шемен боп қатқан екен. Базынасын жарыса айтып жатты.  

Кенжегүл Сәменова, Жамбыл ауылының тұрғыны:

– Еш уақытта мен мына жолды оңдағанын көрген жоқпын.

Нариман Рақымжанов, Жамбыл ауылының тұрғыны:

– Мына жол быт-шыт болып жатыр. Осы жолға 3 млн теңге ақша бөлінді деген баяғыда. Бұл әлі істелген жоқ. Бір камаз шебенка төгілді. Болды, басқа ештеңе істелген жоқ.

Жолдың жайын ауыл әкімі біледі. Бірақ жөндетуге асықпады. Бұқараны құрғақ уәдемен қатырып келген. Жұрт шамданып шыға келіп еді, ортадан табан астында табыла кетті. Шатақ шықпауын қадағаласа керек, сол маңда прокурордың да жүргенін байқап қалдық.

Елена Лысенко, ауылдық округ әкімі:

– Біз жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп қойдық. Жолды жөндеу үшін 6 жарым млн теңге керек. Бюджеттен қаржы бөлінгенін күтіп отырмыз. Бірақ бұл ақшаға асфальт төселмейді. Тек ой-шұқырын жамап береміз.

Жолдың жыртығын жамап береміз деген әкімге жұрт сене қоймады. Өйткені әлгінде ғана су құбырын жүргізіп беремін деп, уәдені үйіп төксе керек. Сол сөзінде тұра алмаған. Тұрғындар сол күйі лай суды тұндырып ішіп жүр.

Өті толып, ішегі бүлінген жұрттың шетінен бүк түсіп жатқаны сондықтан. Ауыл әкімі су құбыры алдағы 5 жылда жүргізіледі деп сендіруге тырысты. Аудан әкімі де жұртты сабырға шақырмақ болды.  

Мұң шаққаның ұят деген әкім ауылдың мына сиқына еш қымсынбаса керек. Қауіпті індет алқымнан алып тұрғанда ауылда дәрі-дәрмек атымен жоқ. Бір ғана дәрігер жұмыс істейді екен. Оның өзі зейнет жасында. Қазір еңбек демалысына шығып, орнына медбикені қалдырып кеткен.

Бетін аулақ, індет жұқтырғандар жоқ бұл ауылда. Бірақ елде үрей басым. Күн суытып, кесел қайта өршитін болса, араша түсетін жан табылмай қалады деп қорқады мұндағы жұрт.

Батырхан Смағұлов, Жамбыл ауылының тұрғыны:

– Бізде дәрі атымен жоқ. Ашығын айту керек. Кімде көлік бар, солар қаладан алып келеді. Кімде дәрі бар, солар бір-бірінен алады. Жедел жәрдем шақырсаң, қысты күні келмейді.

Ауылда аурухана жоқ. Сондықтан тұрғындардың қалаға қатынауына тура келеді. Ал мына жолдың сиқымен қашықта жатқан елордаға қанша уақытта жетерін біз де дөп басып айта алмаймыз. Ал әл үстінде жатқан адамның әр минуты санаулы емес пе?! 

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы