429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда ағаштар ерте сарғайып барады

  • 272
  • UPD: 12:21, 31.07.2020

Алматыда ағаштар ерте сарғаюда, хабарлайды «Хабар 24».

Қала тұрғындары бұл тосын құбылысты шілденің ортасынан ауа-ақ байқаған. Ал, экологтар, ерте күздің белгісі соңғы жылдары жиі қайталануда дейді. Жасыл желектің ерте сарғаюының сыры неде?

Қоңыр күздің келе жатқанын, әсіресе, үйеңкі, жөке, талшын және қайың талдарынан байқауға болады. Жапырақтары ерте сарғайған бұл ағаштарды ғалымдар ылғал сүйгіштер қатарына жатқызады. Жаздың жауынсыз болуы да ағаштардың ерте жұтауына алып келеді.

Блиц 1:

- Ауа райы жылдан жылға өзгеріп жатыр. Бұл жолы күз ерте келетін сияқты.

Блиц 1:

- Қазір ерте сарғаюы ауа райына байланысты деп ойлаймын. Себебі, бұрынғылар айтқан ғой, ауа қанша лас болса, ағаштарға әсер етеді.

Климаттың өзгеріп жатқаны рас. «Алайда, жасыл желектің ерте сарғаюына адами фактор да әсер етеді», - дейді ғалымдар. Мәселен, қысқы уақытта жаяу жүргіншілер жолына себілетін тұз көктемде ағаштың тамырына еніп, өскінді зақымдайды.

Гүлназ Меңдібаева, Ж.Жиенбаев атындағы қазақ өсімдік қорғау және карантин ғзи аға ғылыми қызметкері:

- Оны біз ғылымда ағаштар жапырақтарының шеткі некроздары деп айтамыз. Оның пайда болуының бірнеше себептері бар. Біріншіден, жол жиектерін тротуарларды, арық жиектерін қалпына келтіру жұмыстарын жасаған кезде ағаштар зақымдалады. Тамыры, қабықтары. Нәтижесінде ағаштар күйзеліске ұшырайды.

Жаз басталса жер қазу жұмыстарын жүргізу қалада қалыпты жағдайға айналған. «Құрылыс жұмыстары барысында ағаштарды зақымдамау ескерілмейді», - дейді табиғат жанашырлары. Мәселен, Абай даңғылының бойындағы жылу құбырларын ауыстыру барысында бірнеше талдың тамыры жердің бетіне шығып жатқанын байқадық.

Тимур Елеусізов, эколог:

- Екі ай болды бұл жұмыстың жүріп жатқанына. Ағаштардың тамырымен қопарылып жатқанын бірнеше рет байқадым. Жасыл желекті сақтауға ешкім назар аударып жатқан жоқ. Бұл компанияға дұрыс жұмыс жүргізбегендері үшін айыппұл да салынған. Бірақ одан нәтиже жоқ.

«Тамыры зақымдалған ағаш бірте-бірте босап, соңында құлайды», - дейді Тимур Елеусізов. Айдың, күннің аманында ағаш адамның үстіне құласа, оған кім жауапты?

Тимур Елеусізов, эколог:

- Жақында ғана Мақатаев пен Қалдаяқов көшелерінің қиылысында құлаған талды әлеуметтік желіден көрдік. Сол жерде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезде біз талдарға зақым келтіріп жатқанын ескерткенбіз. Артынша ешқандай желсіз, ашық күнде жүріп бара жатқан көлікке ағаш құлады.

Алматыда қазір 2 миллионға жуық ағаш бар. Әр тұрғынға 4,3 шаршы метр жасыл желектен келеді. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекіткен мөлшері бойынша 158 шаршы метр болуы тиіс. Жасыл желектің азаюы, тұрғындардың денсаулығына қауіпті екені айтпаса да түсінікті.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы