421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық экологтар қарақұйрықтың қырылуына байланысты дабыл қағуда

  • 171
  • UPD: 14:00, 31.07.2020

Каспий мен Алтай арасын мекендейтін қарақұйрық саны 10 есеге қысқарды, хабарлайды «Хабар 24».

Өткен ғасырдың орта тұсында қостұяқтылардың популяциясы 200 мың болса, бүгінде олардың саны 12-14 мыңның арасын құрайды.

Осылай деп дабыл қаққан экологтар дала жануарының жаппай қырылуын немен байланыстырады?

Бақыт Топтаева, тілші:

- Қарақұйрық қуысмүйізді тұқымдас сүтқоректілердің санатына жатады. Қызыл кітапқа енген жануар негізінен шөлді, құмды және тастақты жерді мекендейді. Қыста сексеуіл өсетін құмды аймақтарға, ал жазда шөлейтті жерге үйірімен үдере көшеді. Бірақ тасжол мен темір жолдың тартылуына байланысты Маңғыстаудан еліміздің оңтүстік шығысына дейін жайылатын қарақұйрықтың өрісі бүгінде тарылып барады.

Халық Баяділов, «Алтынемел» ұлттық паркінің бас директоры:

- Қарақұйрықтар анау Балқаш өңіріне қарай, Малайсары, Жоламан арқылы асып барып, сол жақта жайылып, қайтадан келіп, осы «Алтынемел» ұлттық паркінің маңайында көктемгі туу науқанын осында өткізетін. Қазіргі жағдайда мына үлкен автобанның салуына байланысты, бұл әлгі миграция дейміз ғой, көшіп-қонуы шектелген.

«Алтынемел» ұлттық паркінің өзінде 6 мыңдай қарақұйрық қорықтағы 4 мыңға жуық құланмен бірге жайылады. Ал, дене тұрқы жағынан күштірек құландар қарақұйрықты жайылымнан ығыстыруы әбден мүмкін. Қорықшының пікірінше, жануардың емін-еркін жайылып, көбеюі үшін құландарды басқа аумаққа айдаған жөн болар еді.

Владимир Терентьев, Қазақстандағы биоалуандықты сақтау ассоциациясының аға қызметкері:

- Қазіргі таңда қарақұйрықтың популяциясы әр өңірде бөлек-бөлек үйірмен ғана сақталған. Біздің мақсатымыз – Маңғыстау облысының оңтүстігіндегі Өзбекстан мен Түркменстанмен шектесетін аумақта шекара қоршауының жануардың миграциясына кері әсерін анықтау.

Ия, маусымдық миграция кезінде шекарадағы темір қоршау жануардың мойнын тіліп, талайы орта жолда қырылады. Осыған назар аударған экологтар «SOS Джейран» жобасының аясында арнайы зерттеу бастады. Халықаралық табиғатты қорғау одағы бөлген грант есебінен алдағы 1,5 жылдың ішінде жануардың нақты популяциясы мен миграциялау аумағын анықталмақ. Экологтар Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан өңірін әуеден бақылап, шекарашылар арасында сауалнама жүргізеді. Әуелде сауалнаманы жүргізу сәуір айына белгіленген еді. Алайда, індеттің салдарынан бұл жоспар кейінге қалдырылды.

Владимир Терентьев, Қазақстандағы биоалуандықты сақтау ассоциациясының аға қызметкері:

- Жуырда ғана дронның көмегімен Маңғыстау және Арал маңындағы қарақұйрық санын анықтау бойынша зерттеу жүргізе бастадық. Құмды шөлейттің экологиялық жүйесін толықтай суретке түсіріп, экспедициядан бір апта бұрын ғана оралған едік. Енді 60 мыңнан астам суретті сараптауға кірісеміз.

Ал күз мезгілінде ғалымдар Арал және Маңғыстау өңірінде телеметриялық жұмыстарды бастамақ. Яғни, 12 қарақұйрыққа жерсеріктен бақылауға мүмкіндік беретін арнайы қарғыбау тағу жоспарда бар. Осылайша, трансшекаралық аумақта жануардың үдере көшу бағытын анықтауға болады.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы