428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда биыл егілген тал-теректер мен гүлзарлар қурап қалған

  • 216
  • UPD: 14:38, 31.07.2020
Оралда биыл егілген тал-теректер мен гүлзарлар қурап қалған

Биыл Оралда шаһарды көгалдандыруға 900 миллион теңге бюджет қаржысы бөлінген еді, хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, қала тұрғындары егілген тал-теректер мен гүлзарлардың қурап кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Жасыл желек атаулының мұндай күйге түсуіне не себеп?

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Биыл қаладағы гүлзар алқаптарына 450 мың түп көшет отырғызылыпты. Ендігі мәселе – осынау жасыл-желекті күтіп-баптап, өсіп кетуіне жағдай жасау. Алайда, қала көшелеріне егілген қылқанжапырақ тұқымдастарының 15%-і қурап қалған. Бұл іске жауапты мердігер кәсіпорын өкілдері былай дейді.

Талғат Ғабдуллин, мердігер кәсіпорын өкілі:

- Маусым айында 450 ағаш отырғыздық отырғыздық, 8 мың раушан гүлі және саябақ айналасына бір жылдық 115 мың гүл отырғыздық. Арамшөптерін жұлып жатыр, күнде суғарылып жатыр. Алайда, кейбірін ұрлап кетеді, кейде бөтелке, қоұыс лақтырып кетеді.

Қала көшелерін көгалдандыруға 902 миллион теңге бөлініпті. Бұл 3 жылға есептелген қаражат. 530 миллион теңгені жамбылдық компания игерсе, 306 миллион теңгені орынды ұқсату жергілікті шаруа қожалығына жүктелген екен. «Бірақ олар бұл қаржыны барлық жұмыстарды атқарып болғаннан кейін алады»,- дейді тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары. Ол үшін мердігерлер алдымен анықталған кемшіліктерді толығымен жоюы тиіс екен.

Жандос Дүйсенғалиев, қалалық ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда қала тұрғындарынан көптеген уәж түсуде. Қаланың орталық көшелерінде, жолдардың бұрылыстарында орналасқан гүлзарлар тиісті деңгейде қаралмай, суарылмай, өліп жатқан фактілері жөнінде. Гүлдер уақтылы суарылмайды, арамшөптер уақтылы жұлынбайды. Тиісінше, гүлдер қурап, өліп қалып жатқан жағдайлар өте көп. Оларға уақыт қойдық, алайда қазіргі таңда жұмыстар өте баяу жүріп жатыр. Бір тиын да қаржы берген жоқпыз, себебі жұмыстары қанағаттанарлықсыз.

Мердігерлер бұл өсімдіктерді көктемде отырғызу мүмкін болмағандықтан, жұмысты жуырда ғана бастапты. Күн қатты ысып кеткендіктен, гүлдердің көбі қурап қалған. «Тендердің кешігіп өткізілуі де көп іске қолбайлау болды», - дейді олар.

Елена Уланова, шаруа қожалығының басшысы:

- Гүлдер маусым айының екінші онкүндігінде, яғни, өте кеш отырғызылды. Ал, тендер тек мамырдың төртінде ғана хабарланып, мамырдың 26-сы аяқталды. Біз шілденің 9-ынан кейін отырғыза бастадық, бұл кезде өте ыстық болатын. Оның үстіне асфальттың қызуы қандай? Осындай қиындықтарға қарамастан, көшеттерді бірнеше мәрте қайта отырғызып, жағдайды реттеуге күш салып жатырмыз.

Жандос Дүйсенғалиев, қалалық ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Біз претензиялық хатты «КХ Улановаға» осы шілде айының ортасында жібердік. Осы шілде айының соңына дейін ретке келтіруі керек. Біздің талапқа сәйкес істемеген жағдайда онда қаржысы төленбейді. Заң аясында жұмыстанатын боламыз.

«Бір жылдық өсімдіктерді жыл сайын еге беру бюджетке үлкен шығын», - дейді тапсырыс беруші тарап өкілдері. Сондықтан алдағы жылдары тек көпжылдық өсімдіктерге мән берілмек. Ал, қаланы көгалдандыруға жауапты мекемелер «кемшілік атаулыны кешікпей жоямыз», деп сендіріп отыр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы