423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Диханкөл тұрғындары науқастар мен дәрігерлерге бір тонна қымыз үлестірді

  • 243
  • UPD: 20:34, 01.08.2020

Түркістан облысы Төлеби ауданының Диханкөл елді мекені өңірге саумал қымызымен танымал, хабарлайды «Хабар 24».

Осы ауылдың тұрғындары бастама көтеріп, ауруханада ем алып жатқан азаматтарға көмек қолын созды. Олар науқастар мен медицина мамандарына және мұқтаж отбасыларға 1 тонна саумал мен қымызды тегін үлестірді. Игілікті істі арна тілшісі Нұрбек Байбосын да көріп қайтты.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Диханкөл ауылындағы әр үйде кемінде он жылқыдан бар. Елді мекен халқының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Бие ұстап, саумал мен қымыз өндірісіне үлес қосып келеді. Солардың бірі – Әбдіжаппар Мылтықбаев. Шаруаның қорасында аналық бас елу жылқы бар. Одан күніне 150-170 литр бие сүтін алады. «Шаруашылығымның аяқтан тұруына мемлекет те субсидиямен жәрдем берді», - дейді ол.

Әбдіжаппар Мылтықбаев, Диханкөл ауылының тұрғыны:

- Бізге литріне 60 теңгеден субсидия бөледі. Былтыр алдыңғы жылдары 110 теңге болған. Соны алып, жем-шөбімізге жаратамыз. Басында 20-25 биемен бастадық. Ол кезде жем-шөбін өзіміз сатып алып тұрдық. Саумалға қазір көп сұраныс болып тұр. Сүттей ішем дегендер. Басынан келіп, ішіп жатыр. Негізінен жылыдай басынан келіп ішкен ем ғой.

Ақсақалын тыңдап, ел болып кеңесетін диханкөлдіктер шетінен мәрт. Індет кезінде ауруханада ем алып жатқан азаматтарға 1000 литр саумал қымызды тарту етуді жөн көріпті. Бұл көмек тек қана Төлеби ауданымен шектеліп қалмайды.«Ұлттық сусынымызға сұраныс артып, бағасы қымбат болып тұрғанына қарамастан, науқастар мен медицина мамандарына қала берді мұқтаж отбасыларға осылай көмек жасауды ұйғардық», дейді олар.

Мейіржан Ергешұлы, Диханкөл ауылының тұрғыны:

- Ауылдағылардың барлығының қол қайырымы жақсы екен. Басында 400 литрдей береміз деген ой болған. Кейін ауыл азаматтары қолынан келгенше шамасына қарай берді. Соның арқасында осы тірлік болып жатыр.

Ауылда мал ұстайтын бас-аяғы 58 шаруақожалық бар. Соның сегізі іріленген. Ал бие сүтін өндіруді қолға алғандар жыл сайын мемлекеттің жәрдемін көріп келеді. Жалпы Төлеби ауданында былтыр 27 мың бас жылқы бар болса, биыл 33 мыңға ұлғайған. Соның 16 мыңы аналық бас саналады.

Құттымұрат Тұрғынбаев, Төлеби аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Қымызға берілген жеңілдіктер, мысалы бір адам жеңілдік алу үшін 35 биеден кем болмауы керек деген шарттары бар. Сол шартқа сәйкес келетін үлкен-үлкен 6-7 шаруа жұмыс жасап жатыр. Олардың барлығы 2018 жылы 53 шаруақожалық 84 млн ақша алған болса, былтырғы жылы 68 шаруақожалық 124 млн қаржы алды. Бұл бір биеге 750 литрден 1 жылға берілетін субсидияның шекті мөлшері.

Төрт түлік ішінде Қамбар атаның орны ерекше. Бақсаң байлық, мінсең көлік, ішсең сусын, жесең ет-май болған жылқыға Диханкөл халқы дән риза.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы