423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шалғайдағы ауыл мектептері жаңа оқу жылына дайын ба?   

  • 188
  • UPD: 22:47, 01.08.2020
Шалғайдағы ауыл мектептері жаңа оқу жылына дайын ба?   

Қызылорда облысының ең шалғайындағы мектептер Арал ауданында.

Теңіздің арғы бетіндегі ауылдарда интернет жоқ. Жөні түзу жол болмағандықтан, қыста аудан орталығымен қатынас мүлдем үзіледі. Ұшқан құстың қанаты талатын құм құрсауындағы аумаққа қоныс тепкен елді мекен балалары жаңа оқу жылында қалай білім алады?

Аралдағы 50 мектептің 15-і ұялы байланыс және ғаламтор желісі тартылмаған ит арқасы қиянда орналасқан. Соның ең алысы аудан орталығынан 350 шақырым жердегі Құланды ауылында. 400-ге тарта тұрғын тірлік кешетін елді мекен түйе бағып күн көреді. Ауылдағы 8 сынып жиынтықпен жабдықталған жаңа мектепте 58 бала білім алады. Интернет болмағасын өткен оқу жылының 4-тоқсаны оқушылар үшін қиынға соқты.       

Пәтуәлі Зейнетәлиев, №77 орта мектеп директоры:

– «Балапан» бағдарламасымен балалар телесабақтар өтті. Мұғалімдер қосымша курьер арқылы тапсырмалар беріп, кері байланыс орнатты. Бірақ енді интернет болмаған соң, мектепте оқымағаннан кейін қиындықтар болды. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары жасалып, аудандық білім бөлімі есебінен залалсыздандыру құрал-жабдықтары жеткізіледі деп тұр тамыз айында. Содан кейін қыркүйекте дәстүрлі оқуға көшеміз. Сыныпта 5-10 бала, оқушылар өте аз.

Қыркүйекте сабақ мектепте өтетініне мұғалімдер де қуанышты. Қазір ұжым болып білім ұясын оқушылар қабылдауға дайындап жатыр. Кезінде тұрақты түрде ұшақ қатынаған Құландымен қатар Ақбасты ауылындағы мектеп ұстаздары да шәкірттерімен қауышып, қуантуға асық. Өйткені мұнда оқушылар көптен сұрап жүрген спорт алаңы салыну үстінде. Сондай-ақ информатика, физика кабинеттеріндегі оқу құралдары жаңартылған. Құм құрсауындағы Қосаман елді мекенінің оқушылары да қыркүйекте мектепке барады. Білім ордасына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, қысқы жылыту маусымына толық дайын. Енді аудан әкімдігі осындай алыс орналасқан 13 ауылға жыл аяғына дейін интернет жеткізуді жоспарлап отыр. 

Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:

– Елді мекендердегі мектептердің әжетханаларын ішке көшіру бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Бұған аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, 15 мектептің әжетханасы 15 тамызға дейін толық ішке көшіріліп, дайын болады. Қазір жылу жүйелеріне зерделеу жұмыстары жүріп, отын қоры тексеріліп жатыр. Одан бөлек ағымдағы жөндеу жұмыстары – сырлау, әктеу, абаттандыру жұмыстарын толық аяқтап отырмыз.

Жалпы, жаңа оқу жылында аймақтың 243 білім беру ұйымында оқушылар сабақты қашықтан оқиды. Оқушылардың қажеттілігіне қарай мектептің компьютер, планшеттері уақытша қолдануға берілетін болады. Өңірдегі 20 мыңнан астам педагогтің 18 мыңдайы арнайы онлайн курстан өткізіледі. Салалық кәсіподақ демеушілігімен 300 мұғалімге электронды құрылғылар табысталмақ. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы